ОҚЫРМАНЫН ТАПҚАН ТУЫНДЫ

Балаларға базарлық

«Достардың махаббаты». Кітап шап-шағын. Шындап кіріссеңіз, бас-аяғы бір сағатқа жетер-жетпес уақытта оқып шығасыз. Алайда, шағындығына қарамай, көтеріп тұрған жүгі өте ауқымды, салмақты. Қозғаған тақырыбы өзекті. Аудармаавторының өзі айтқандай, «Ошақтың үш бұтындайата-ана — бала- ұстаз» жөнінде. Адамзатқа ортақешбір ұлтқа бөлінбейтін құндылықтар: адамгершілік, достық, мейірбандық, еңбекқорлық туралы. «Оқиғасы қызықты, жеңіл, бірден ересектер үшін, өзгелер үшін құпиясы мол балалар әлеміне жетелейжөнеледі. Жүректі қозғайды. Тіршіліктің, күнкөрістің алғы шартындай материалдық-тұрмыстық жағдайлардан да жоғары руханиқұндылықтың барын, достықтың, мейірбандықтыңжасқа да, кәріге де ауадай қажет екенін сезіндіреді.Жан-дүниеңізбен сезбесіңізге қоймайды! Әсерленесіз!  Кейіпкерлермен бірге қуанасыз, мұңаясыз! Кіп-кішкентай балақайлар  өздерінің іс-әрекетімен ересектерге ой салып қана қоймай, табиғи болмысымен тәрбиелейді, жылдар бойықалыптасқан өмірлік ұстанымдарын өзгертуге ықпалетеді. Балалардың өмірін суреттеу арқылы ересектерге де сабақ боларлық тақырыпшығарманың өнбойына желі болып тартылған. Қандай да бір ісәрекеттің нәтижесінің екі жаққа да қатысты екендігіне ой салады. Бұл шығарма  бас кейіпкерлер Сәлім мен Хаканның достығын, еңбекқорлығын көрсету арқылы бүгінгі қоғамныңзаңды көрінісіне айналған бай-кедейге бөлінустереотипін бұзуға ұмтылады. Тіпті, кәсібініңбағытын өзгертіп, инвестицияны дұрыс салу арқылыбалалар әлеміне үлкен қуаныш сыйлайды. Оқыған сайын кейіпкерлердің әрбір іс-әрекетінің қалай дамитынын ынтыға күтіп отырасыз. Аударма авторы  Гүлжаз Қарыбектің Түркияда магистратурада оқуға бел буып,  академиялық деңгейде тіл үйрене жүріп, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің доценті, теолог-ғалым Мұхит Төлегеннің ұсынысымен әрі сол кісі сыйға тартқан түрік жазушысы Фатма Гүнердің жеті кітабын оқуынан бастау алған қадамы бүгінгі таңда оқырман қолына тиген туындының қазақ балаларына жетуіне жол ашады. Қаламгердің: «Диссертация жазып жатырмын. Мәтіндерден шаршап кеткен кезде жүгіріп барып екі бетін аударып келемін.»Ұйқыашар» сияқты»— деген сөздері кітаптың дүниеге келу тарихынан хабардар етеді. Айтса айтқандай,  балалардың жан сарайын ашатын ұйқыашар кітап!

Бұл-бір! Ең бастысы, аталмыш туынды Ыбырай Алтынсарин бабамыздан бастау алған, Саттар Ерубаев, Сапарғали Бегалин, Өтебай Тұрманжанов, Бердібек Соқпақбаев,  Мұзафар Әлімбаевтай тау тұлғалар, «бала жанының инженерлері  өлшеусіз үлес қосқан қазақ балалар әдебиетінің ұлы көшіне үмітін   үкілеп жастардың ілесуі көңілге сенім ұялатады. Қазақ балалар әдебиетінің тапшылығы, кенжелеп келе жатқандығы, айта-айта жауыр болғандығы жасырын емес. Таңғы шықтай мөлдір бала жанын, тілін, ой-өрісін, арман- қиялын, сиқырлы ертегі әлемін түсініп жазылған шығармалар некен-саяқ екендігі де шындық. «Бар жақсы — балаларға!», «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне берейік!»— деп ұрандатқанмен, сөз бен істің қабысуы сирек. Әсіресе, болашақ иелерінің рухани кеңістігі, жан-дүниесі, көзқарасы қоғамды алаңдатып отырған осынау өліара шақта балалар әлемінде жарқ ете қалған «Достардың махаббаты» —  көкірек кере дем алдыратын лап етіп кірген таза ауа! Жұпар ауа! Шөл далада кезіккен мөлдір бұлақ бастауындағы шөлдеп ішкен бір жұтым су! Теолог-ғалым Мұхит Төлегеннің сөзімен айтсақ: «Тілі шұрайлы. Төл тілде жазылған тамылжыған тәржіма!». Бұл шығарма сонысымен құнды! Балалар әлеміне шашқан шуағымен шырайлы! Ал, енді әңгіме ауанын балаларға осыншама қуаныш сыйлаған, ерекше, еркін  форматта Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасында ағымдағы жылдың 10- қыркүйегінде, сәрсенбінің сәтті күні  өткен«Достардың махаббаты» кітабының тұсаукесер кешіне  бұрайық!  Түрік жазушысы Фатма Гүнердің «Достардың махаббаты» кітабын түрік тілінен қазақша тәржімалаған  журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Низами» медалінің иегері, халықаралық «Сарасөз» журналының құрылтайшысы әрі бас редакторы Гүлжаз Қарыбек.Түркістандық балаларды қуанышқа бөлеген айрықша кештің ажарын жан- жақты жасақталған кітап көрмелері, инстоляциялық көрме, кітап авторының арнайы тұғырдағы портреттік суреттері, түрлі-түсті шарлармен, гүл дестелермен безендірілген зал көрінісі аша түсті. Сондай-ақ, «Достардың махаббаты» туындысында аталған түрік халқының  ұлттық тағамдары-пахлава, симит, түрік тәттілері мен кәмпиттерінен жасалған фуршет-дастархан, балаларға таратылған балмұздақтар, қазақ, түрік, қырғыз тілінде шырқалған әндер, әсем әуендер, шын мәнінде ертегі әлеміне енгендей әсер қалдырды. Ине шаншар орын болмаған залда тікесінен-тік тұрып, жүздері бал-бұл жанған балдырғандарды көрудің өзі бір бақыт еді! Бұдан кейін балаларды кітапқұмар емес деп айтып көріңіз! Әсіресе, ҚР Мәдениет майталманы, кітапхананың бұқаралық-көпшілік жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі қызметкері, мәдениет саласының ардагері, қаншама қойылымдарды сәтті қойып, көрермен көзайымына бөленіп жүрген Пернекүл Сейтбекқызы Нәлтаеваның режиссерлігімен қойылған «Достардың махаббаты» кітабынан көрсетілген көрініс  туындының  мазмұнын білуге ынтығып отырған оқырмандарға көп мағлұмат берді. Оны оқымай тұрып-ақ біраз мән-жайға қанық болдық. Шеңбер құрып бірін-бірі құшақтаған балалардың достығына тәнті болдық. Нөмірі 28- мектептің оқушыларының сомдауындағы бала және ересек кейіпкерлер, оқиғаның өрбуі — балғын достықтың тебіреністі сәттерін көзге елестетті. Шынайылығы жанарларға жас үйірді. Н.Оңдасынов атындағы Түркістан мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ұлжан Жолдасова: «Бала үшін жақсы киім, дәмді ас, жылы үй, үздік білімнен» де бағалы нәрсе бар. Ол- еркіндік.  Ол — достарыңмен қалағаныңша доп ойнау. Ол- шынайылық!»— деп жазған кітаптың «Алғы сөзінде». Өте тауып айтылған. Сондай-ақ, ақбас Алатаудың баурайынан, арман қала Алматыдан арнайы келген ҚР Білім беру ісінің үздігі,  Женева БАО гонорар-доценті, «Жаһандық құзіреттер» оқу-әдістемелік кешендерінің авторы, әлеуметтік ғылымдар магистрі Айсұлу Қасымбек: «Бүгін — балалар мерекесі. Бүгін  Қожа, Құрмаш сияқты  бірнеше кейіпкер менімен еріп келді деп түсініңіздер. Бүгіннен бастап Сәлім, Хакан сияқты түрік достарың бар»,— деп бірінші қатарда отырған балаларды жанына шақырып, әп-сәтте үйіріп алды. Еркін қимылынан,  диалогынан балалар әлемімен етене таныстығын аңғардық. «Жаһандық құзіреттер деген пәнді жазып жатқан кезде біздің алдымызда тұрған мақсат мынау болды. Қазақ баласы өзін әлемге танытатын кезде қандай болу керек? Олардың болмысы қандай? Заманауи, әдемі ме Димаш сияқты? Қазақтың рухани нәрін, уызын мына кейіпкерлер сияқты бойларыңызға сіңіріңіздер!»,- деді Айсұлу Асылханқызы.  Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің журналистика кафедрасының меңгерушісі, автордың әріптес-құрбысы Балзия Баешова кеште сөйлеген сөзінде:«Бұл кітапты Гүлжаздан алып, үйге апарғанымда 14-жастағы балам бас алмай оқып шықты. Телефоны жайына қалды. Сүйсіндім. «Балам телефонын тастағанына риза болдым!», — деп жүрекжарды пікір білдірді. Ал, «Түркістан» телеарнасының шеф-редакторы, Гүлжаздың бала күнгі құрбысы Мәриям Әбсаттар: «Кітапты оқып отырған кезде» Кіммен дос болдым, қалай дос болдым, алғашқы достарым, бәрі есіме түсті. Бұл кітап — достыққа жасалған ескерткіш! Түрік-қазақ әдебиетіне қосылған үлес»— деп баға берді. Ал, 2017- жылдан бері жарық көріп келе жатқан халықаралық рухани-танымдық «Сарасөз» әдеби журналының суретшісі, ҚРДизайнерлер Одағының мүшесі Мұрат Шаханбай балалар кітабының жарыққа шығуына атсалысып, мұқабасын әдемі безендірген. Тұсаукесер кешке ХҚТУ-дің сурет өнері факультетінің студенттері де кітап желісі бойынша сол жерде тікелей суреттер салып, оқырмандарға сыйға тартты. Бір сөзбен айтқанда,  жас та болса іскерлігімен көзге түсіп, әрбір істің оябынан шығып жүрген басшы Рысбек Ермекұлы Летаев басқарып отырған кітапхананың ұйымшыл ұжымының бұл іс-шараға үлкен шығармашылық ізденіспен, асқан жауапкершілікпен дайындалғаны әрбір тосын сыйлар мен тың идеялардан көрініп тұрды. Сондай-ақ, іс-шараға Түркістан облысына қарасты барлық орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорлары мен балалар кітапханасы меңгерушілерінің қатысуы кештің салмағы мен ауқымдылығын арттыра түсті. Осы орайда, балалардың кітап әлеміне тың леп әкелген туындының жарыққа шығуына демеушілік жасаған  кітапхана директоры, руханият жанашыры, балалар қамқоры  Рысбек Ермекұлы Летаевқа айтар алғысымыз шексіз!

Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен өткен тартымды кешті мәдени іс-шаралар және шығармашылық үйірмелердің жұмысын үйлестіру бөлімінің басшысы Мұқағали Кенжетайұлы сөз сөйлеп ашты:

«Бүгін өтіп жатқан іс-шараның мазмұны тікелей кіп-кішкентай балғын  бөбектеріміздің, өскелең ұрпақтың, тіпті замандастарымыздың өмірінен  ерекше орын алатын сәт деп ойлаймын. Өйткені, қазақ балалар әдебиетінің қоржыны тағы бір тың туындымен, ерекше кітаппен толықты. Бұл кітаптың үлкен  ізденіспен өмірге келгендігін кеш басталғалы бері сезініп отырмыз. Бар өмірін балалар әдебиетіне арнаған белгілі балалар жазушысы Фатма Гүнердің  шығармасын қазақ тіліне аударып, мән-мағынасын қазақ тілінде жеткізуге тырысып, балалар үшін құнды дүние сыйлаған Гүлжаз ханымға ерекше алғысымызды айтамыз. Тағы бір айтайын дегенім,  осы туындыны  қазақ тіліне аударған Гүлжаз ханымның еңбегіне Ы.Алтынсарин балалар  кітапханасының қолдау көрсетуі, бірлескен дүниенің нәтижесі қуантып отыр»-, деп сөзін түйіндеген Мұқағали Кенжетайұлы Түркістан облыстық мәдениет басқармасының бастығы Әзімхан Қойлыбаевтың атынан «Алғыс хаты» мен сый-сыяпат тапсырды. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің  әлеуметтік, мәдени даму жөніндегі вице-ректоры, ғылым кандидаты Еділ Төлегенов жүрекжарды тілегін жеткізді.

Оқырманға жол тартқан туындының тұсауын Мұхит Төлеген, Айсұлу Қасымхан, Желтоқсан Қаһарманы Жеңісбек Жапеков және Рысбек Летаев кесіп, сәттілік тіледі. Ал, енді, кез-келген кештің керемет өтуі жүргізушіге байланысты екені ежелден  белгілі. Осыншама тосынсыйға, құпиялы  сәттерге, жарасымды әзіл, жұмбақ ойынға толы, сценарийі бастан аяғына дейін  шығармашылықпен жасалған кешті тізгіндеген ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Композиторлар Одағының құрметті мүшесі, Түркістан қаласының құрметті азаматы, сазгер, ғалым Бекжігіт Сердәлі туралы әңгіме бөлек. Бекжігіт Кенжебекұлының сазгерлік, ұстаздық, журналистік қасиеттеріне қоса,  кез-келген кешті думанға айналдырып жіберетін кәсібилігін біреу білсе, біреу білмейді. Әсіресе, аудиториямен алтын көпір орнату, жанды қарым-қатынас, қиыннан қиыстырып жол тауып кету, уытты қалжың, орайы келсе, ән салып, гитара тарту, кешті регламентке сай уақытында аяқтау сияқты қасиеттері туралы Түркістан өңірінде аңызға бергісіз әңгімелердің куәсі болып жүрміз. Алысқа бармай-ақ, осы жолдардың авторы, менің шығармашылық кешімді жүргізген Бекжігіттің шеберлігін көпшілік әлі күнге дейін тамсана айтады. Бойында осынша өнері бола тұра өзін тым қарапайым ұстайтын Бекжігіт Сердәліні Түркістанның бағына туған азамат десем артық емес. Бұл күнгі мазмұнды кеш те —  осының дәлелі.

 

E7224eee 4b6c 458e A120 8715948cb2d6
Гүлжаз Қарыбек Қырғызстанның Нарын қаласында дүниеге келген. Бауырлас қырғыз халқымен өмірі бірге өрілгендіктен де кеште автордың өзінің орындауында қырғыздың халық әні және ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Ұлжалғас Шілдебаева  
«Жаңбыр төкті» әнін шырқады. Кеш иесі ел жүгін көтеріп жүрген, кітаптың жарық көруіне үлес қосқан жандарға кәделі сыйлықтарын сыйға тартты. Қаламгердің көз қуанышы, Түркияда мәдениеттану саласында білім алып жүрген Еңлігі — Еңлікгүлі анасына перзенттік тілегін арнады. Қорыта айтқанда, балалар кітапханасының ұйымдастыруымен өткен бұл шара — халықтар достығына, әдебиетіне, мәдениетіне салынған «алтын көпір» .

F9a38e07 6632 4c6b 8792 719e206b6fa6

P.S. Тағы бір айтарымыз, Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасында өткен тұсаукесер кеш аяқталғанмен, творчестволық ізденіс үстіндегі ұжымның жұмысы одан әрі жалғаса бермек. «Достардың махаббаты» кітабын оқып, пікрін әлеуметтік желі арқылы білдірген үздік балақайларға бағалы сыйлық тапсырылатын болады. Міне, солай! Балаларға базарлық көп.

Роза Нарымбетова.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *