Әлеуметтік саясаттың басты бағыты – мұқтаж жандарға нақты көмек көрсету. Осы орайда елімізде енгізілген атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) жүйесі аз қамтылған отбасылардың күнкөріс деңгейін арттыруға, оларды кедейлік шегінен шығарып, қоғамға бейімдеуге бағытталған тиімді тетікке айналды.
АӘК – жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспайтын азаматтарға берілетін мемлекеттік қолдау. Бұл көмек ақшалай түрде беріледі және отбасының нақты жағдайы, табыс деңгейі мен құрамына қарай есептеледі.
Түркістан қаласы әлеуметтік қызметтер мен жұмыспен қамту саласында белсенді дамып келе жатқаны белгілі. Облыс орталығының тұрғындарына көрсетілетін әлеуметтік қолдау көрсету мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жергілікті биліктің басты басымдықтарының бірі. Осы міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыратын Түркістан қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әр отбасы мен азаматқа кешенді қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді. Осы мақсатта бөлім бірнеше негізгі бағытта жүйелі жұмыс атқарады.
Айта кетсек, бөлімнің қызметі бірнеше негізгі бағытты қамтиды: аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қорғау, мүгедектігі бар адамдарға қолдау көрсету, арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұйымдастыру және еңбек қатынастарын үйлестіру. Сонымен қатар, бөлім 15 мемлекеттік қызмет түрін ұсынады, олардың ішінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, мүгедектігі бар азаматтарға оңалту бағдарламаларын ұйымдастыру, әлеуметтік қызметтерді қамтамасыз ету және еңбек қатынастарына қатысты рұқсаттарды беру. 2025 жылдың басынан бері бөлім 29 348 қызмет көрсеткен, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 36 213 болған.
Бөлім басшысы Бейсенова Элмира Тұңғышбайқызының айтуынша, халыққа көрсетілетін қызметтердің тиімділігі нақты деректер мен жүйелі бақылауға тікелей байланысты. Ол атап өткендей, әр қызмет тұрғындардың нақты қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталуы тиіс, ал деректерді мұқият тіркеу мен талдау бөлім жұмысының негізгі принципі. Бөлімнің жұмысы тек әлеуметтік қолдаумен шектелмей, тұрғындарды еңбек нарығына шығару, кәсіби дайындықтарын арттыру және әлеуметтік қызметтерді үйлестіру арқылы қоғамның жалпы дамуына ықпал ету.
2025 жылы Түркістан қаласында атаулы әлеуметтік көмекке 9 453 адам, яғни 1 632 отбасы қаралып, жалпы көлемі 1 573,9 миллион теңге деп жоспарланған, бұл шара қаладағы кедейлік деңгейін 4 пайызға төмендету мақсатымен үйлестірілген.
Жыл басынан бері, яғни 10 айдың қорытындысында, 1 329 отбасыға, яғни 8 442 адамға, жалпы 639 612 мың теңге көлемінде АӘК тағайындалды. Оның ішінде 843 отбасыға, яғни 6 028 адамға шартты АӘК беріліп, бұл үшін 358 549,1 мың теңге жұмсалған. Ал 486 отбасыға, яғни 2 414 адамға шартсыз АӘК тағайындалып, оның көлемі 281 062,9 мың теңге құрады.
Балаларға арналған қосымша төлемдер де назардан тыс қалмаған. 1–6 жас аралығындағы балаларға 10 айдың қорытындысы бойынша 1 225 отбасының 2 596 балаға 92 480,6 мың теңге тағайындалды.
Қалалық деңгейде демеушілер де белсенділік танытып, 915 отбасыға азық-түлік көмегі көрсетілген, 14 отбасыға қаржылай көмек берілген, сонымен қатар «Мектепке жол» акциясы аясында 500 отбасыға мектепке қажетті сөмкелер табысталды.
Қаладағы кедейшілік шегі бүгінгі таңда 38 776 теңге болып бекітілген, ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 52 394 теңгені құрайды. Бұл көрсеткіштер жергілікті әлеуметтік саясаттың бағыт-бағдарын айқындап, қолдауға мұқтаж азаматтарды нақты анықтауда маңызды өлшем ретінде қолданылып келеді. Әлеуметтік қорғаудағы маңызды санаттардың бірі – көп балалы аналар. Айта кетсек, Түркістан қаласында қазіргі таңда 15 735 көп балалы ана тіркелген. Олардың ішінде 1 098 ана алтын алқаға, 2 364 ана күміс алқаға ие болса, 71 ана батыр ана мәртебесін алған. Сондай-ақ 92 ана 1–2 дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған. Ерекше көрсеткіш ретінде, 18 жасқа дейінгі жасында төрт және одан да көп баласы бар аналар саны – 12 110.
Осы деректер көрсетіп отырғандай, аталған бөлім әлеуметтік қолдауды нақты деректерге сүйене отырып, әр отбасы мен әр баланы назардан тыс қалдырмай жүзеге асыруда.
Мемлекет АӘК алушылардың еңбекке ынталануына баса мән береді. Бұл – әлеуметтік масылдыққа жол бермеудің, керісінше, азаматтарды белсенді өмірге тартудың жолы. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан да үнемі түсіндіру, сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде.
Атаулы әлеуметтік көмек – тек көмек емес, ол – мемлекеттің азаматтарына деген қамқорлығы мен сенімінің көрінісі. Сол арқылы аз қамтылған отбасыларға жаңа мүмкіндіктер беріліп, олар өз өмірін жақсы арнаға бұруға қадам жасай алады
