Түркістан қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекемесінің құрамында жұмыс істейтін «Отбасын қолдау орталығының» басты мақсаты өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларды мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде жан-жақты қолдаумен қамтамасыз ету және олардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді іс-шараларды үйлестіру болып табылады. Орталық өз қызметін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 14 маусымдағы № 192 бұйрығы және Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 14 маусымдағы № 256-НҚ бұйрығымен бекітілген «Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жүзеге асыру қағидалары» негізінде ұйымдастырады.
Орталықтың жұмысы екі бөлімше арқылы жүзеге асырылады: 1. Кеңес беру және кешенді сүйемелдеу бөлімі – азаматтарға құқықтық, психологиялық, денсаулық, жұмыспен қамту, әлеуметтік төлемдер мен басқа да мәселелер бойынша тікелей қолдау көрсетеді. 2. Әдіснама және ақпараттық-ағарту жұмыстары бөлімі – отбасылардың әл-ауқатын арттыру және отбасылық құндылықтарды нығайту бағытында ақпараттық және әдістемелік қолдау көрсетеді.
Орталық мамандарына жүйелі жұмыс жүргізуге жағдай жасалған. Қазіргі таңда бөлімнің құрамындағы «Отбасын қолдау орталығы» 22 штаттық бірлікпен қызмет етеді. Оның ішінде әкімшілік-іскерлік блокқа 4,5 бірлік, әдіснама және ақпараттық-ағарту секторына 6,5 бірлік, ал тұрғындарға тікелей кеңес беру және кешенді сүйемелдеу жұмыстарына 10 бірлік маман бөлінген. Сондай-ақ, орталықтың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін техникалық персонал 1 бірлікті құрайды.
2025 жылдың алғашқы 10 айында орталық 632 отбасынан өтініш қабылдап, жалпы 870 сүйемелдеу қызметін көрсеткен. Бұл қызметтер отбасылардың өмір сүру сапасын жақсартуға, әлеуметтік қиындықтарды жеңуге және тұрақты қолдау алуға бағытталған.
Сүйемелдеу қызметінің ішкі құрылымы мынадай:
- Құқықтық кеңес – 140
- Психологиялық қолдау – 249
- Денсаулық саласы бойынша кеңес – 33
- Атаулы әлеуметтік көмекке қатысты қызмет – 19
- Жұмыспен қамту мәселелері бойынша қолдау – 50
- Құжаттарды рәсімдеу – 144
- Үй кезегіне қою бойынша кеңес – 37
- Оқумен қамту, үйірмелер мен курстарға қатыстыру – 44
- Демеушілік көмек (азық-түлік, киім, коммуналдық қызметтер және басқа қажеттіліктер) – 154
Бұл көрсеткіштер орталықтың Түркістан қаласындағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан нақты үлесін көрсетеді. Әр отбасы өз қажеттіліктеріне сәйкес жан-жақты қолдау алып, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік берілген.
2025 жылы «Отбасын қолдау орталығы» ақпараттық-ағарту жұмыстарына ерекше мән берді. Осы кезеңде орталықтың мамандары жалпы 52 іс-шара өткізіп, 1 298 тұрғынды қамтыды. Әр шара отбасы мен қоғамдағы маңызды құндылықтарды насихаттауға, тұрғындардың әлеуметтік сауаттылығын арттыруға бағытталған. Орталықтың ұйымдастыруымен өткен басты іс-шаралардың қатарында:
2025 жылғы 7 қазан – Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-сімен бірлесе отырып «Салауатты сана» жобасы аясында «Татулық тамыры – отбасында» тақырыбында психотренинг өткізілді. Бұл шарада отбасындағы татулық пен өзара сыйластықтың маңызын арттыру көзделіп, 40 адам қамтылды.
2025 жылғы 9 қазан – орталық мамандары тұрғын алқаптардағы тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту мәселелерін талқылады. Түркістан ҚПБ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторы қатысқан кездесу «Зорлық-зомбылықсыз өмір – бақытты отбасы», «Зорлық-зомбылықтың көбеюіне не себеп?» және «Қауіпсіз қоғам – зорлықсыз қоғам» тақырыптарында өтті. Шараға 62 адам қатысты.
2025 жылғы 17 қазан – «Шауғар» тұрғын алқабында орталық мамандары мен психологтардың ұйымдастыруымен ата-аналардың бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауы, зорлықсыз тәрбиенің маңыздылығы, отбасының эмоционалдық және экономикалық жағдайының әсері, сондай-ақ баланың мінез-құлқының қалыптасуында ата-ана рөлі жайында «Балаларға зорлықсыз тәрбие» тақырыбында кездесу өткізілді. Шараға 15 адам қамтылды.
2025 жылғы 27 қазан – «Әлеуметтік қызметкерлер күні» кәсіби мерекесіне орай «Жүректен шыққан мейірім» атты іс-шара ұйымдастырылып, әр маманның өз қызметіне адалдығы, ізгілік және адамгершілік құндылықтары насихатталды. Шараға 15 адам қатысты.
Сонымен қатар, орталықтың барлық ақпараттық-ағарту шаралары мен атқарылған жұмыстары Turkestan_otbasun_qoldau әлеуметтік парақшасында тұрақты түрде жарияланып, тұрғындарға қолжетімді болып келеді.
