Түркістан облысында кәсіпкер әйелдердің қатары жыл санап артып келеді. Бүгінде өңірде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының үштен біріне жуығын әйелдер басқарып отыр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтылды.
Ресми статистикаға сәйкес, өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік (ШОК) субъектілерінің 32%-ында әйелдер басшылық етеді. Яғни Түркістан облысындағы әрбір үшінші кәсіпкер – әйел адам. Бұл – әйелдердің тек отбасылық құндылықтарды ғана емес, өңірдің экономикалық дамуына да белсенді үлес қосып отырғанын көрсетеді.
2025 жылдың алғашқы жартысында өңірде тіркелген ШОК саны 150 мыңнан асты. Бұл көрсеткіш әйелдер бастамасымен ашылған кәсіпкерлік құрылымдар санының да айтарлықтай өскенін дәлелдейді. Бұған дейін Түркістан қаласында Қазақстандағы алғашқы “Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы” ашылды. Бұл орталық кәсіпкер әйелдерге кеңес беру, стартап бастамаларды қолдау және бизнесті жүргізуге қажетті білім мен дағдыны үйретуге бағытталған. Соңғы екі жыл көлемінде мыңға тарта әйел орталықтан кәсіби қолдау алып, өз кәсібін бастауға бет бұрған. Сонымен қатар, өңірде жұмыс істейтін “Түркістан” кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының аудан-қала филиалдары кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуде.
“Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы да өңірдегі әйел кәсіпкерлерге айтарлықтай қолдау болып отыр. Бағдарлама аясында:
- Өткен жылы 25 млрд теңгеге 1371 жоба қаржыландырылды;
- Оның жартысы әйелдерге тиесілі;
Түркістан облысында іске асырылып жатқан “Кәсіпкерлік Қырандары”, “Yassy Business”, “Бастау Бизнес”, “Атамекен-Түркістан” микроқаржы ұйымы секілді жобалар шағын және микробизнесті дамытуға бағытталған нақты құралдар ретінде жұмыс істейді.“Кәсіпкерлік Қырандары” жобасы аясында 16 стартап жобаға қолдау көрсетілсе, олардың ішінде 6 жоба – әйелдердің бастамасы; “Yassy Business” бағдарламасы арқылы 10 жобаға 140 млн теңге несие беріліп, оның 4-еуі әйелдерге тиесілі; “Атамекен – Түркістан” МҚҰ арқылы “Бастау Бизнес” түлектеріне 1,8 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген.
2025 жылы Түркістан облысының Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Төлеби, Отырар, Шардара, Ордабасы аудандары мен Түркістан қаласында кәсіпкерлермен семинар-кездесулер өткізілді. Кездесулердің негізгі мақсаты:
Мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпарат беру;
- Кәсіпкерлермен кері байланыс орнату;
- Әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын ынталандыру.
Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту – гендерлік саясаттың нақты көрінісі ғана емес, аймақтың экономикалық әлеуетін арттырудағы маңызды факторлардың бірі. Түркістан облысында бұл бағыттағы кешенді шаралар өз нәтижесін беруде. Мемлекеттік қолдау, білім беру және қаржылық тетіктердің үйлесімділігі нәзік жандыларды экономиканың қозғаушы күшіне айналдырып отыр. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті деңгейдегі бастамалармен қатар, ұлттық деңгейдегі саясаттың бір бөлшегі ретінде жалғасын табады. Түркістандық іскер әйелдердің табысты тарихы – өңірлік тұрақтылық пен жаңғырудың айқын мысалына айналып отыр.
