ҚАУІПСІЗ ЕЛДІҢ НЕГІЗІ — ОТБАСЫЛЫҚ ТАТУЛЫҚ

 

Түркістан облысында қоғамның рухани тұтастығы мен отбасылық құндылықтарды сақтау бағытындағы кешенді шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл – тек әлеуметтік тұрақтылық пен адами капиталды сақтауға бағытталған жұмыс емес, сонымен қатар ел болашағын қалыптастыратын буынның – балалар мен жастардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне жасалып жатқан маңызды қадам.

Ордабасы ауданындағы «Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде де осы мақсаттағы шаралар жалғасын тапты. Түркістан облысы білім басқармасының тапсырмасы негізінде ұйымдастырылған бұл іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Ішкі істер министрлігі қолға алған “Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан” челлендж флешмобы аясында өтті.

Кең ауқымды республикалық акцияның басты мақсаты – қоғам назарын отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне аудару және азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру.

Аталған мектеп-гимназияда өткен «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан!» флешмобы – тек оқушылар мен ұстаздардың ғана емес, ата-аналар мен жергілікті қауымның да белсенді қатысуымен ерекшеленді. Шара аясында оқушылар бейбіт өмір мен татулықты насихаттайтын ұрандар жазып, үндеу жариялап, ұжымдық хореографиялық қойылым көрсетті. Бұл қадам жастардың зорлық-зомбылыққа қарсы тұру мәдениетін қалыптастыруға және отбасындағы қарым-қатынастағы сыйластық пен өзара түсіністіктің маңызын ұғындыруға бағытталған.

Мұндай тәрбиелік шаралар – болашақ ұрпақтың жан-жақты дамуына, әсіресе қыз балалардың психологиялық және физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негіз болады. Сонымен қатар, бұл бастамалар қоғамдағы әйелдердің рөлін нығайтуға, олардың өз құқықтарын қорғаудағы белсенділігін арттыруға да септігін тигізеді.

Түркістан өңірінде әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар бұдан былай да жалғасатыны сөзсіз. Бұл – ел ішінде бейбіт өмір мен әлеуметтік үйлесімділікті қамтамасыз етудің маңызды кепілі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *