Түркістан облысында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй салу көзделсе, бұл бастаманың аймақтық деңгейдегі жүзеге асу барысында Түркістан облысының еншісінде елеулі тірліктер бар екенін айта кеткен жөн.
Түркістан облысының әкімі Н.Көшеров өңір халқын тұрғын үймен қамту, ипотека бойынша бастапқы жарнаны жабу үшін тұрғын үй сертификаттарын беру, әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамту, жалдау ақысын субсидиялау және заңдағы жаңа өзгерістерді түсіндіру мәселелерін жиі көтеріп келеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Ендігі міндет – осы өзгерістерді халыққа дұрыс түсіндіру және тиімді іске асыру, – деген сөзді алға тартқан өңір басшысы 2026 жылдың еншісінде табысты жұмыс жүргізілуі қажеттігіне баса назар аударып отыр.
Осы тұрғыда бұл жылға дейінгі нақты нәтижелерге тоқталсақ, 2023 жылы 1 174 отбасы коммуналдық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 2025 жылдың соңына дейін 578 арендалық пәтер және 2 078 ипотекалық пәтерге тұрғындар қол жеткізді. Аталмыш көрсеткіштерге кең көлемде талдау жасасақ, Түркістан облысы жаңадан құрылған 2018 жылдан бері баспанамен қамтылған отбасылар саны осы күні 10 мыңнан асады.
Сонымен қатар, облыс әкімі Н.Көшеров тұрғын үй құрылысына инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту және жергілікті әкімдіктердің жауапкершілігін күшейту мәселелеріне де жіті назар аударып отырғанын айта кету қажет. Жобалық ұсыныстар мен тұрғындардың нақты қажеттіліктері ескеріле отырып, әрбір аудан мен қалада тұрғын үй саясатына қатысты жеке жоспар әзірленетін болады.
Жалдау ақысын субсидиялау және жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламалары да жалғасады. Бұл – әсіресе жастар мен әлеуметтік осал топтар үшін қолжетімді баспана мәселесін шешуге сеп болмақ.
Қорыта айтқанда Түркістан облысының әкімі Н.Көшеров тиісті тапсырмалардың орындалу барысы облыс басшылығының тұрақты бақылауында болатынын әрбір басқосуларда айтып келеді.
