НӘЗІК ЖАНДЫЛАРДЫҢ РӨЛІ АРТЫП КЕЛЕДІ

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде әділетті әрі инклюзивті қоғам құру мақсатында мемлекеттік басқару жүйесінде гендерлік теңдік принципін күшейтуді басты міндеттердің бірі ретінде атап өткен болатын. Мемлекет басшысы әйелдердің құқықтарын қорғау, еңбек етуіне тең мүмкіндік беру, олардың шешім қабылдау деңгейіндегі қатысуын арттыру қажеттігін нақты көрсетіп отыр.

Осы ретте баса тоқталып өтетін мәселе — Түркістан облысында гендерлік теңдік пен әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуы бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыс көлемінде 1542 әйел мемлекеттік қызметте еңбек етіп келеді. Олардың 236-сы басшылық лауазымда жұмыс істейді. Бұл – әйелдердің ел басқару ісіне араласуы мен олардың қоғамдағы орнының артып келе жатқанының жарқын көрінісі.

Түркістан облысында бұл бағыттағы саясат дәйекті түрде жүзеге асып келеді. Бүгінде мемлекеттік қызметте жүрген әйелдер тек дәстүрлі салалармен шектелмей, инженерлік бағытта, коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым, құқық қорғау органдары сияқты ерлер басым салаларда да табысты еңбек етуде. Бұл – гендерлік кедергілердің жойылып, кәсіби қабілет пен іскерлікке басымдық беріліп отырғанының белгісі.

Мемлекеттік қызметте жүрген әйелдердің бірі – Балжан Мадиқызы Әліпбек, Мақтаарал ауданының тумасы, үш баланың анасы. Ол 1994 жылы алғаш рет Шардара ауданының Достық ауылында әкім қызметін атқарып, мемлекеттік қызмет саласындағы жолын бастаған. Қазіргі таңда Түркістан облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары лауазымында қызмет етіп келеді. Ұзақ жылғы адал еңбегі мен кәсіби жетістіктері үшін ол «Ерен еңбегі үшін» медаліне, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» марапатына, сондай-ақ Түркістан облысының «Құрметті азаматы» атағына ие болған.

Бұл мысал – ел басқару ісіне белсене араласып, кәсіби тұрғыдан жетістікке жеткен әйелдің бейнесін танытады. Мемлекеттік қызметте жүрген әйелдер өздерінің жан-жақтылығы, жоғары жауапкершілігі және ұқыптылығымен ерекшеленіп, қоғам өмірінің түрлі салаларында орнығып келеді.

Бүгінгі қазақ әйелі – тек отбасының ұйытқысы ғана емес, елдің дамуына үлес қосатын білікті маман, бәсекеге қабілетті тұлға. Әйелдерді қолдау – бұл тек әлеуметтік саясат емес, бұл – тұтас қоғамның өркендеуіне бағытталған стратегиялық маңызды бағыт. Әйелдер ерлермен тең дәрежеде еңбек еткенде, қоғамда теңдік пен тұрақтылық орнығып, отбасындағы рөлі де, мәртебесі де арта түседі.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *