«Әкенің шапағаты таудан биік, ананың шапағаты теңізден терең» болғаны абзал. Отбасында әкенің орны бөлек. Анаң мен әкеңді сыйласаң, ертеңгі ұрпағың да саған солай қарайды деп, ақылы мен пайымы терең аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отырады. «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе, бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңнің керегін дайында» деп әкеге деген құрметті, қызмет етуді балаға жастайынан дайындап отырса, мұндай отбасында әкеге деген құрмет жоғары болатыны сөзсіз. Отбасының тірегі-әке болса, жүрегі-ана. Ананы сыйлау, қадірлеу баршамыздың қасиетті парызымыз.
Осындай ырымдарды сақтап, қыздарға өз орындарын білуді үйретіп, халық болып қызды құрметтеуді үйреткен. Осының бәрі халқымыздың бала тәрбиесінде ешкімге ұқсамаған өзіне ғана тән тәрбиесінің, тәртібінің, мәдениетінің болғандығын көрсетеді. Ұлттық деп отырғанымыз осылар, біле білсек осыдан да көп. Қазір осылай істейміз бе? Біз айтып отырмасақ, жастар бұны білмеуі де мүмкін. Расында: «Ұлтты қыз сақтайды, қызды жұрт сақтайды». Заман өте бара «Қызы қандай болса, ұлты сондай деп», ұятқа қалып жүрмейік, ағайын?! Көпшілікті неге осылай болды деген сұрақ мазалайтыны да ақиқат. Жауап біреу – қазақы отбасылық тәрбиедегі ұлттық ерекшеліктерден алшақтап бара жатқанымызда. Адам баласы дүниеге бір ұлттың адамы болып келеді сол ұлттың адамы болып, өмірден өтеді. Әр дүниеге келген бала қазақ ұлтының ұрпағы ретінде ұлтымыздың ерекшелігімен өмір сүріп, ұлтымызға қызмет етуге міндетті. Ол үшін әрқайсысымыз ұлттық ерекшеліктерді білетін, құрмет тұтатын отбасынан болуымыз керек. Мен әр ата-ана бала тәрбиесінде тәрбиенің түсіндірілетін, үлгі болатын,шабыттандыратын үш түрін орнымен қолданып, жетілдіріп отырғаны дұрыс деп ойлаймын. Бұдан шығатын қорытынды: «Оқитын оқуы жеңіл болса, бала дамымайды. Алатын тәрбиесі жеңіл болса, ата-ана қуанбайды». Қысқаша айтқанда, өзге емес, өзіме айтамын өз жайымды. Ел арасы: «Қажет еткенге уақыт табылады, қажет етпегенге сылтау табылады»-деп уақыт пен сылтауды, «Қуана білмегенге құт қонбайды, бағалай білмегенге бақ қонбайды» – деп, құт пен бақты, «Жақсыны көру басқа, бірге қуану басқа» – деп көру мен қуануды, қадірлей білуді осындай терең мағыналы мақалдармен жеткізген. Сайып келгенде, қазіргі мектеп, ата-ана, қоғам болып, елдің құндылықтары үшін еңбек етуіміз керек. Құндылықтарымызды бәріміз бірге біліп, ұмытылып бара жатқандарын әртүрлі жолдар арқылы қайта жаңғыртып, өзімізден кейінгі ұрпақтарға табыс ету жолында ісімізді біріктіргеніміз жөн. Сол үшін де, айналамыздағы әлемді өзгертуді өзімізден, өз отбасымыздан бастайық. Кез-келген адам өз ана тілінде тектілік ақпаратты көп оқып, меңгеріп, ұрпағына үлгі болса ғой, шіркін! Сөздің қадірі, өзіміздің қадіріміз дегендей, бұл ақиқат. Адам тәрбиемен есейеді, заман талабымен жетіледі. Ал бұл қағидалар білім ізденісімен ұштасады. Мамандығын шынайы сүйетін ұстаз баланың жағдайын бір қарағаннан айтқызбай сезеді. Анықтауға уақыт жібермей шешу жолын ойлайды. Сол сияқты ата-ана да бауыр еті баласының болашағын үшін өзін күнделікті дамытып отыруы тиіс. Дамытудың қорын, қазынасын басқа жерден емес, халқымыздың құндылықтарынан іздегені жөн. Құндылық біздің өзгеге ұқсамайтын, мəртебемізді көтеретін байлығымыз. Ал, бала тәрбиесінде кездесіп қалатын теріс іс-әрекет ата-ананың, мұғалімнің баланың намысына тию деп ойлаймын. Осының бәрі еліміздің өшпеуге тиіс қазынасы, нағыз ұлттық белгісі – ұрпағымыздың бүгінімен, ертеңімен ұштасып жатыр. Ұлттық құндылықтар жөніндегі сұрақтарға қоғам назарын аудара отырып, осы тақырыптағы шаралардың шеңберін кеңейте түскен абзал. Орын алатын келеңсіз жағдайларға байланысты проблемаларды ашық алаңдарда талқылып, көмектесуіміз керек. Қалай десекте, жаңа қазақстанда мақсаты таза отбасылырының көбейіп келе жатқандығы қуантады. Осыған орай, түрік халқының бір ойшылының айтқаны бар екен: «Ірі халықтардың әлемдік өркениеттің әр саласына қосқан бірінші орынға ие құндылықтары бар. Мысалы: француздар әдебиетімен, араптар мен еврейлер дінімен,…ал көшпенділер адамгершілігімен». Шынымен де, біздің ұлтымыздың өзегінде ең алдымен адам тәрбиесі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, өзге ұлтта жоқ құндылықтары бар. Бұл қазақтың қадір-қасиетінің қаншалықты тереңде, қаншалықты биікте, қаншалықты кеңістікте болғанын көрсетеді. Күні бүгіннің өзінде жасөспірімдердің арасындағы өміріне зиян электрондық темекінің жаппай таралып бара жатқаны, әлімжеттік, топ болып төбелесу, діни ағымдардың мәселесі, қыздарымыздың киімі мен шашы, т.б. ұрпақ тәрбиесінде толғандырар сұрақ көп. Бұл жағдайлар бәрімізге таныс. Бір-бірімізді тыңдап, сөзімізге құлақ асып, бірікпеске болмайды. Осының бәрін қосып, құнды қазынамызды қоржынға салып, миымызды қозғап, есімізде сақтап, қойын дәптерлерімізге түртіп алып, әрі қарай қолымыздан келегенше орындауға, таратуға, дамытуға күш салайық. Бүгінгі әлем жылдам өзгеруде. Сол өзгерістер сананың өзгеруіне әсер етеді. Ал, өзгерген әлемге сапалы адам керек. Алайда, сапалы боламыз деп көрінгенге еліктеп ұлтымызды, тарихымызды, тілімізді, салт-дәстүрімізді жоймай, ата-бабамыздың ұлттық құндылықтардан тұратын мұрасы – ұлттың қазынасын ұрпаққа үйретіп, бабалар ізін, аманатын жалғастыруға міндеттіміз.
Злиха ДҮЙСЕКЕНОВА.
