— «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген керемет сөз бар. Бекзат ағамызға дейін өмірге келген перзенттеріңіз де елге белгілі тұлғалар ғой. Балаларыңыздың бір-біріне жанашыр, қамқор боп өсуіне не ықпал етті деп ойлайсыз? Әр отбасының өзіндік сыры, дәстүрі бар. Отбасылық ұстанымдарыңыз туралы айтып берсеңіз, ұрпаққа үлгі болсын.
— Иә, отбасымызда өз ұстанымдарымыз болды. Қазір қарап отырсам, көп нәрсеге қарным ашады. Балалар қараусыз қалып жатыр. Ата-аналар таңертең жұмысқа кетеді, кешке келеді. Сол аралықта балалар уақытылы тамақ ішті ме, бос уақытын қалай өткізіп жатыр деген есеп жоқ қой. Ал біздің уақытымызда сондай есеп болды. Өз басым азанда тұрғаннан ұлдарымның күнделікті тамағын беріп, түсте өзім тамақтанбасам да солардың түстенгенін көзіммен көріп, соған риза болатын едім. Үлкен екі баламыз күреске қатысып, жаттығуларына барып жүретін. Ағайынды Саттархановтар боп танылды халыққа. Сол уақытта газеттерге шығып, біраз биіктерді бағындырып еді. Одан кейінгі ұлымыз Мақсат бокспен айналысып, үлкен турнирлерде жеңімпаз боп жүрді. Осының бәріне жету үшін бірінші жақсы тәрбие керек. Сосын біздің үйде қыз бала болмағандықтан, өзім азанда жұмысқа кеткенде ыдыс жуу керек болады немесе кір жуу керек болады. Осыны ұлдар өздері істеп өсті. Балаларымды еңбекке, тазалыққа дағдыландырып өсірдім. Тіпті күн сайын кезекшілік қойып, үй тазалау, сырттың жұмыстарын реттеу дегендей шаруаларды бөліп беретін едім. Қыз бала болмаса да, осылай әрқайсы бір-біріне қолғабыс етіп ер жетті.
— «Баласы атқа қонса, анасы үйде тақымын қысады» ғой. Бекзат ағамызды сын сағаттарда қалай жігерлендіргеніңізді айтып беріңізші.
— Жарыс болған соң бірде жеңіс, бірде жеңіліс болады ғой. Кейде бұрмалаушылық та кездесіп жатады. Қазақстан біріншіліктерінде өзінен жасы да, атағы да үлкен ағаларын алдына шығарып, Бекзатты бір саты төменге ысырып қояды екен. Соған Бекзатым қатты ренжіп келетін, бірақ қай жарыстан болсын жүлдесіз оралған емес. Ол уақытта телефон деген жоқ. Баламыздың кеткенін білеміз, қашан келетінін білмейміз. Бекзат келсе үйде кішігірім той болады. Жарыстан жеңіліп келгенде көңілі түсіңкі болса, есіктен кіре «ой, балам, мазаң жоқ қой?» деп әдейі сұраймын, сол кезде өкпе-ренішін айтып тастайды. Жанында отырып біраз қайрайтын сөздер айтатын ем. Сондағы қолдап, жұбататын сөздерім ұлыма жігер береді екен. Кейін есейгенде өз-өзіне қолдау білдіріп отыратын болды. Жеңіліп қалса да жасымай, менің бұрын айтқан ақылдарымды қайталап, рухты, намысшыл боп өсті. Өкінішке орай, Бекзатымызға небәрі жиырма ғана жыл ғұмыр беріпті. Бес жылдың ішінде ол бокстың барлық қыр-сырын меңгеріп, алдағы мақсатына ғана өмірін арнады. Осындай жетістіктерге жету үшін әуелі жақындардың жәрдемі керек деп ойлаймын. Біздің, ата-ананың бір ауыз жақсы әңгімесі, қолдауы балалардың жанына ем ғой.
— Бекзат ағамызды қандай қиындықпен дүниеге әкелгеніңізді айтып өттіңіз. Сол кезден-ақ батыр ағамыздың айрықша адам екенін ішіңіз сезген болар?
— Ерекшелігі сол кезде-ақ байқалатын. Бірақ мінезі жібектей жұмсақ еді. Рингтегі оның реңі мен күнделікті өмірдегі сәттерін қарасаңыз, ол баланы боксшы деп айта алмайсыз. Ашулануды, біреуге дөрекі сөйлеуді білмейтін, жымиып қана жүретін иманды, ақылды, алғыр бала болды. Қанша шаршаса да қабағын шытып қарамайтын адам баласына. Бекзаттан басқа мамандық иесі шығатын шығар деп ойлайтынмын. Бір қызығы, 2-3 жасар шағында балабақшаға жетектеп бара жатсам, орыс ағайындардың ауласында өсіп тұрған гүлдерді көріп, соны үзіп алып бермейінше жүрмей тұрып алатын. Гүлге қатты құмар еді. Сол мінезінен, сол тәрбиесінен айнымады еш уақытта. Мектебінде ағайынды екі бала болды, бірі Бекзатпен сыныптас, екіншісі бірі жас үлкен. Әке-шешесі жоқ балалар екен, дене тәрбиесі сабағында спорттық киімдері болмағасын мүғалімдері ұрысатын көрінеді. Ұлым үйге келіп, «мама, ағаларымның сыймай қалған киімдері болса соларға берейікші. Киім әперетін әке-шешесі жоқ қой. Ал апай-ағайлар оларға ұрыса береді» деп жүрегі езіліп тұр. Сол кезде 4-сыныпта оқитын. Ол уақытта спорт дүкендері жоқ, жалпы дүкендер ғана бар. Содан мен келісіп, екі баланы ертіп кел деп тапсырдым. Дүкенге апарып әлгі балаларға киім алып беріп, Бекзатқа «саған не әперейін?» десем, бұрыштағы допқа қызығып, алғысы кеп тұр екен. Қызыққан добына қолы жетіп, ана жетім балаларға киім алып бергенімдегі баламның қуанышы әлі көз алдымнан кетпейді. Өзі киінгендей бақытты боп тұрды. Осындай сәттерден оның өзгеше бала екенін бірден байқайтынмын. Мектепте де жаман аты шықпады. Жақсы балаларды, әсіресе, мінезі өзіне ұқсас, тәрбиесі де жақсы жігіттерді жанына жақын тұтатын. Бүгінде сол достарының бәрі халықтың қалаулы азаматтарына айналды.
— Бекзат ағамызға талай қыздар ғашық болғанын білеміз. Осы орайда, келіндеріңізді өзіңіз таңдадыңыз ба, әлде ұлдарыңыздың таңдауы болды ма деген сұрақ туып тұр.
— Жоқ. Біз Сейілхан ағаң екеуіміз өзіміз таңдап, өзіміз шешім қабылдап шаңырақ құрдық қой. Сол секілді біз де ұлдарымыздың ешқайсына үстемдік жасамадық. Мен отау құру жағын жастардың өз таңдауына берсек бір-біріне жауапкершілікпен қарап, бір-бірін түсіне, кешіре, сезіне алады деген пікірдемін. Сондықтан да мен ол жағына араласпадым. Өздері тәуір көрген қыздарын алып келді, ешқайсысы жаман болмады. Құдайға шүкір, бүгінде он немерем, алты шөберем бар. Немерелерім де мектепті озат оқып, жақсы жұмыс істеп жүр.
