ТҮРКІСТАН: ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТАН ҚҰТҚАРУ ҮШІН ҚОҒАМНЫҢ БЕЛСЕНДІ ЖҰМЫСЫ ҚАЖЕТ

 

Қазіргі таңда қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – отбасыдағы, тұрмыстағы зорлық-зомбылық. Бұл тек қана қылмыстық құқық бұзушылық емес, отбасы құндылығына, рухани татулыққа, адамдық қасиетке қарсы әрекет деп айтсақ артық емес. Себебі отбасы — адам өмірінің ең киелі ұясы, береке бастауы, ұлттың іргетасы. Ал сол ұяның ішіндегі зорлық пен зәбір қоғам тамырына балта шауып, ел болашағына сызат түсіретіні сөзсіз. Сондықтан отбасылық тыныштық пен жарасымды қарым-қатынасты сақтау — тек бір шаңырақтың емес, тұтас қоғамның міндеті екені барша азаматтың қаперінде жүретін дүние болуы тиіс.

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан да, қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау органдары тарапынан да отбасылық құндылықтарды сақтау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысында бұл мәселе ерекше назарда. Өңірде отбасы институтының беделін арттыру, ер мен әйелдің, ата-ана мен баланың өзара сыйластығын дәріптеу бағытында түрлі мәдени-ағартушылық және түсіндіру іс-шаралары өткізіліп келеді. Осы орайда, біз отбасы бірлігін сақтау мен тұрмыстық зорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар жайында кеңірек білуді мақсат етіп, Түркістан қалалық жергілікті полиция қызметі бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тобының аға инспекторы, аға лейтенант Ақерке Кенжебайқызы Әлібекпен сұхбаттасып, мәселенің мән-жайын талқылап көрдік. Әңгіме барысында отбасындағы тәрбие мен түсіністіктің маңызы, әйел мен баланың қоғамдағы рөлі, сондай-ақ тұрмыстық зорлықтың түпкі себептері жөнінде кеңінен сөз қозғалды. Ендеше, сала маманының жауаптарын назарларыңызға ұсынамыз.

— Ақерке Кенжебайқызы, Түркістан қаласында отбасылық құндылықтарға кереғар әсер етіп жатқан қоғамның дерті — зорлық-зомбылық қандай деңгейде?

— Түркістан қаласында зорлық-зомбылық деңгейі орташа деп айтуға болады. Дегенмен, қазіргі уақытта бұл мәселемен күреске қатысты бірқатар ауқымды шаралар қолға алынып, өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында маңызды жұмыстар жүргізілуде. Құқық қорғау органдары профилактикалық жұмыстарға баса назар аударып, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып жатыр. Полиция қызметкерлері тек құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, сонымен қатар, олардың қайталануын болдырмау үшін тұрғындармен үнемі байланыста жұмыс атқарып, құқықтық мәдениетті арттыруды мақсат тұтады. Тәртіп сақшыларының жан-жақты әрекеттері мен қоғамның атсалысуы арқылы бұл мәселені шешу үшін үлкен қадамдар жасалуда.

— Ал бұл мәселенің алдын алу үшін қазіргі таңда қандай шаралар қабылдануда?

— Зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі еліміздің құқық қорғау органдары үшін маңызды міндет болып қала береді. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің күн тәртібінен түскен емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске бағытталған жұмыстар аясында, полицейлер арнайы шараларды қабылдап, бұл бағыттағы ресурстарды арттыруда. Мәселен, ІІМ-нің «Ішкі істер органдарындағы 2024 жылғы 9 айдағы тәртіп пен заңдылықтың жай-күйі туралы» Алқа шешімінде жаңа отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу және әйелдерді қорғау бөлімшелерін сапалы түрде жасақтау қажеттілігі туралы нақты тапсырмалар берілген. Осы міндетті жүзеге асыру үшін, Полиция департаменті бастығы, полиция генерал-майоры М. Қабденовтың 2025 жылғы 10 қаңтардағы №4 бұйрығы негізінде 100-ге жуық жаңа бөлімшелер құрылып, қызметкерлер саны артуда. Сонымен қатар, жаңа бөлімдерге әйел қызметкерлер көбірек тартылуда, бұл өз кезегінде зорлық-зомбылыққа қарсы күресте әйелдердің ерекше нәзік көзқарасымен одан әрі күшейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шараларды күшейту мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізіп, оның жазасын қатаңдатты. Бұл өзгерістер зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар, Түркістан қаласында осы бағыттағы жұмыстар белсенді жүргізілуде. Қала тұрғындары мен қонақтарына тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері, зардап шеккендерге көрсетілетін көмек және облыста жоспарланған іс-шаралар жайлы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн!» акциясы, «Учаске», «Есептегі элемент» секілді рейдтік-профилактикалық шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып, халық арасында құқықтық түсінік қалыптастыру жұмыстары үнемі жалғасуда.

— Дәлірек тоқтала кетсек, қалалық полиция зорлық-зомбылықтың құрбандарын қорғау үшін қандай қолдау көрсетеді?

— Қалалық полиция зорлық-зомбылықтың құрбандарын қорғау мен оларға көмек көрсету үшін түрлі шараларды қабылдап, қоғамдағы қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізуде. Полиция қызметкерлерінің тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуі, әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының жағдайын жақсарту үшін маңызды рөл атқарады. Бұл бағыттағы ең тиімді тәсілдердің бірі — «Отбасын қолдау орталығы» мекемесімен тығыз байланыс орнату. Полиция басқармасының қызметкерлері осы орталықпен бірлесіп жұмыс істеп, зорлық-зомбылық құрбандарына құқықтық және психологиялық қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, қалалық полиция әртүрлі қоғамдық ұйымдармен, оның ішінде ақсақалдар мен аналар кеңесімен де тығыз байланыста. Осы кеңестердің отырыстарында қолайсыз отбасы ретінде есепте тұрған тұлғалар мен отбасы мүшелерінің жағдайы талқыланып, оларға қатысты шешім жолдары қарастырылады. Онда ерлі-зайыптыларға үлкендер тарапынан бітімге шақырып, кеңес беру, өзара түсіністік пен сыйластық негізінде үйлесімді өмір сүрудің маңыздылығы туралы әңгімелер жүргізіледі. Оның барлығы отбасы мүшелерінің қарым-қатынасын жақсартып, зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін маңызды қадам екені сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *