Мен өз басым егемендік алғаннан бергі Конституциялық өзгерістердің бәрін саралап шықтым. Әр өзгеріс пен толықтырулардың уақыт талабына сай орны бар. 2022 жылғы Конституциямызда 9 бөлім, 99 бап болса, жаңа жобада 11 бөлім 95 бап.
Менің тоқталғым келетін жаңа Конституция жобасында VI бөлімдегі халықтың құлағына жағымды естілген Қазақстан Халық Кеңесі деп аталатын 70-ші және 71-баптар. Құлаққа жағымды дейтін себебім, халық әркезде билікке ойын жеткізгісі келеді, мәселенің шешілуін қалайды, биліктен кері байланыс күтеді. Халық Кеңесі ұғымының ұтымды тұсы дәл осы жүрекке жетуден басталады. Жүрекке жетсе әрине көңілге үміт ұялайды, нәтижеге қол жеткізілсе халық пен билік арасында сенім орнығып, билік пен арадағы алшақтық азаяды.
Енді мен аздап өткенге шолу жасағым келіп отыр. Шынтуайтына келгенде Халықтық Кеңес шетелдік тәжірибе көрсеткен тиімді институт. Францияның «Азаматтық конвенциялар» жүйесі арқылы жинақталған ұсыныстар мемлекеттік шешімдерге негіз болды. Германияда қоғаммен кеңесу-міндетті процесс болып қалыптасқан. Швеция, Норвегия, Финляндияда мемлекеттік реформалар міндетті түрде қоғамдық талқылаудан өтеді. Ал Ұлыбританияда ірі реформа пікірталас ашық жүргізілу арқылы ұсыныстар жинақталады. Бұндай халықпен кеңесу басқару мәдениетінің бір бөлігіне айналып, халықтың сенімі мен тұрақтылықтың артуына жақсы ықпал етеді.
КСРО Жоғары Кеңесінің формалды жұмыс жасағаны бәрімізге аян. Жоғарғы Кеңесте небір мықтылар болды соған қарамастан заң қабылдайтын өкілетті билік құрамына сауыншылар не болмаса завод, фабрика жұмысшылары да сайланды. Әрине, еңбек адамын қадірлеген дұрыс, алайда олардың заң нормаларын сол кездерде талқылауға ой мүмкіндігі қаншалықты жете қойды екен?! Ал, егемендік алғаннан кейінгі елімізде құрылған Жоғарғы Кеңес Егемендік декларациясын және Тәуелсіздік туралы заң мен 1993 жылғы бастапқы Конституциямызды қабылдағанмен, қабылданған Конституция ескі кеңес дәуірінің сарқыншақтығынан арыла алмай тәуелсіз елдің даму сұранысына толық жауап бере алмады. Содан барып 1995 жылғы Конституциямыз қабылданды.
Өмір сынап сияқты. Ел, заман сұранысы да дәл сондай көз ілеспей өзгеруде. Осыған дейін Конституцияға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның бірі 2022 жылғы 33 бапқа референдум арқылы өзгеріс енген Конституция. Ал, бүгінгі талқылап отырған жаңа Конституция жобасындағы жоғарыда айтып кеткен 70-ші баптағы Қазақстан Халық Кеңесі Қазақстан халқының мүддесін білдіреді. Құрамы 126 адамнан құралатын Халық Кеңесі, этномәдени бірлестіктерден, мәслихаттар мен қоғамдық кеңес арқылы қоғамдық ұйымдардан тұрады. Ал құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттілігі, қызметінің ұйымдастырылуы конституциялық заңда айқындалады. Жоғарғы органы сессия болып табылады. Сессия кемінде жылына бір рет шақырылатын болады. Төрағаларды Президенттің өзі тағайындайды.
71-бапқа келсек, Халықтық Кеңес мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары қоғамдық келісім, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді. Сонымен қатар, Құрылтайға заң жобаларын енгізеді, жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді.
Қазақстан Халық Кеңесі халықтың сөзін ең бірінші еститін, оны билікке, заң шығарушы органға нақты шешім қабылдауға мүмкіндік беретін ашық алаң. Бұл құрылым қағаз жүзінде емес, шынайы халықпен қоян-қолтық пікірлесіп, өмірде жұмыс жасайтын алаң болады. Халық өз пікірінің, ұсыныстарының ескерілгенін көргенде әрине реформаны қолдайды. Келешекте Халық Кеңесі ел дамуына оң әсер ете алатын, стратегиялық шешімдердің дүниеге келуіне ықпал ететін институтқа айналады. Халық Кеңесі жөніндегі әлемдік тәжірибеге сүйенсек, біз бұдан ұтпасақ ұтылмаймыз. Өйткені Халық Кеңесіне заң шығару бастамасы берілуі құрылымның саяси үдерістерге қатысуын барынша ілгерілетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай Халық Кеңесі құзіретіне Ұлттық Құрылтай мен Қазақстан халқы ассамблеясының міндеттері өтетін болады. Халық Кеңесі жаңадан құрылатын мемлекеттік орган болады. Кеңес өңірлерден түскен ұсыныстар мен пікірлерді жинақтап қана қоймай сараптап, басты бағыт басымдықтарымызды, негізгі жалпыұлттық күн тәртібіне енетін құндылықтарымызды биліктің құлағына жеткізіп, мемлекеттік саясаттың оң қалыптасуына ықпал етеді. Халық Кеңесі халықтың үнін естіп қана қоймай оның шешілуіне ықпалы зор құрылым болады. Ал заң шығару құқығы жаңа Парламент — Құрылтайдың еншісінде беріледі.
Жалпы айтқанда, Конституцияның жаңа жобасы бойынша Кеңестің құрылуы Қазақстанның жаңа басқару мәдениетіне қадам басқанының белгісі. Халық Кеңесі батыл нақты ой орталығына айналған тұста шын мәнінде саяси жүйе күшейе түсетін болады. Сонымен қатар, Кеңес маңызды идеологиялық құжаттарды түсіндірумен, насихаттаумен айналысады.
Енді тағы бір айта кететін мәселе жүйелі түрде Халық Кеңесінің жақсы жұмыс жасауы Кеңес құрамының салмақтылығына байланысты. Неғұрлым сөзі өтімді танымал тұлғалар енген сайын сапалы жұмыс болатыны сөзсіз. Менің ойымша бәріне «Сіздікі дұрыс» деушілер Кеңес мүшелігі қатарында болмауы тиіс. Кеңестің мықтылығы сапалы, ойлы азаматтар құрамында болуына байланысты.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер сьезін, мемлекеттік маңызы бар басқа да гуманитарлық форумдарды өткізу де Кеңестің құзіретіне кіреді» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Кеңес ел азаматтарынының үмітін билікке жеткізетін, шешімін табуға ықпал ететін құрылым және әділетті Қазақстанды құрудағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеологиясының тамызығы. Ал Конституциялық реформа — саяси жүйенің жаңғыруы.
ЖАНТӨРЕЕВА КАЛЫЙМА ЖАНТӨРЕҚЫЗЫ,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы
атқарушы хатшысының орынбасары,
Түркістан облыстық мәслихат депутаты,
Әйелдер қанатының облыстық жетекшісі.
