ТҮРКІСТАН: ҒЫЛЫМ — ШАҺАР ДАМУЫНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

 

Ғылымның мәдениетке әсері көбінесе адамның өмірін жеңілдету, қоғамның даму деңгейін арттыру сияқты практикалық нәтижелерде көрінеді. Ғылыми жаңалықтар мен технологиялық жетістіктер адамзат мәдениетінің жаңа бағыттарын қалыптастырып, мәдени құндылықтардың өзгеруіне ықпал етеді. Мысалы, ақпараттық технологиялар мен интернеттің дамуы, ғарыштық зерттеулердің нәтижесінде адамзаттың түсінігі кеңейіп, мәдениетаралық байланыстардың тереңдеуі мүмкін болды. Мұндай технологиялар адамзатқа жаңа мүмкіндіктер, жаңа білім мен жаңа мәдени дәстүрлерді қабылдау жолын ашты.

Түркістан облысы халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараларды ұйымдастырып, жаһандық ғылыми қауымдастықты өзіне тартатын орталыққа айналып келеді. Мұндай жиындардың тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін маңызы зор. Түркістан облысының әкімдігі мен жетекші жоғары оқу орындарының тығыз ынтымақтастығы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауы бұл бастамалардың табысты жүзеге асуына негіз болуда.

Мысалы, былтыр сәуір айында Түркістанда өткен «Алтын Орда және оның мұрасы» халықаралық конференциясы – Қазақстанның ғылыми қауымдастығы мен шетелдік ғалымдар арасында маңызды диалог алаңы болды. Бұл шара Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Түркістан облысының әкімдігі, сондай-ақ Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен өткізілді. Конференцияда Алтын Орданың тарихи маңыздылығы мен мәдени мұрасы жан-жақты талқыланып, көптеген жаңа зерттеулердің нәтижелері ортаға салынды. Іс-шараға Қазақстан, Түркия, Ресей, Қытай, Әзербайжан, Өзбекстан және басқа елдердің жетекші ғалымдары мен сарапшылары қатысты. Олар көшпелі және отырықшы өркениеттердің өзара байланысы, Алтын Орданың саяси және мәдени рөлі туралы тың ғылыми деректер ұсынды. Конференция аясында ұйымдастырылған «Алтын Орда» атты кітап және сурет көрмесі, сондай-ақ Түркістанның тарихы туралы бейнеролик қонақтар назарына ұсынылды.

Жалпы, өңірлерді ғылымды дамыту тұтастай қоғамдық ғылымның дамуына ықпал етеді. Мәдениет ғылымға өз кезегінде үлкен әсер етеді, өйткені қоғамның құндылықтары мен наным-сенімдері ғылыми зерттеулердің бағыттары мен әдістеріне әсер етеді. Мәдениет ғылыми білімді, өнерді, тілдерді, діни сенімдерді дамыту үшін негіз құрады. Мысалы, философия мен гуманитарлық ғылымдардың дамуында мәдениет үлкен рөл атқарады, өйткені ғылыми тұрғыдан адамның қоғамдағы орнын анықтау үшін оның мәдениеті мен дүниетанымын зерттеу қажет. Сонымен қатар, мәдениет ғылыми білімді таратуда, оны халық арасында түсінікті етуде маңызды қызмет атқарады.

Тарихи тұрғыдан алғанда, ғылым мен мәдениеттің өзара байланысы әлемдік өркениеттердің дамуына үлкен ықпал етті. Антикалық Грекиядағы философия мен математика ғылымдары мәдениеттің негізін қалаған болса, орта ғасырлардағы ислам әлемі ғылымды дамытып, мәдениеттің өркендеуіне жол ашты. Еуропадағы Ренессанс кезеңінде ғылымның дамуы мәдениеттің гүлденуіне әсер етіп, өнер мен әдебиеттің жаңа бағыттарын туғызды. Қазіргі уақытта ғылым мен мәдениет арасындағы өзара байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Әсіресе, жаһандану дәуірінде мәдениетаралық алмасулар мен ғылыми ынтымақтастықтар жаңа мазмұнға ие болып, екі саланың дамуына серпін береді. Ғылымның жетістіктері мәдениеттің жаңа бағыттарын дамытуға, ал мәдениет ғылымның дамуына жаңа бағыттар мен мәселелер ұсынып отыр. Мысалы, климаттық өзгерістер мен экологиялық мәселелер мәдениеттің қазіргі заманға сай болуына, жаңа ғылыми зерттеулер мен жаңалықтар жасауға ықпал етеді.

Ғылым мен мәдениет бір-біріне әсер ете отырып, адамзат қоғамының дамуына үлкен ықпал етеді. Олардың арасында тығыз байланыс пен өзара ықпал бар, ол әлемнің үнемі өзгеріп отыратын сипатын анықтайды. Ғылым мәдениеттің дамуын алға жылжытса, мәдениет ғылымға жаңа көзқарас пен идеяларды ұсынады. Бұл екі сала өзара тығыз байланыста дамып, қоғамның рухани және материалдық тұрғыдан өсуін қамтамасыз етеді.

Қорыта келе, Түркістан облысының мәдениет пен ғылым саласындағы жетістіктері өңірдің жан-жақты дамуына жол ашуда. Мәдени және ғылыми іс-шаралардың ұйымдастырылуы, тарих пен мәдени мұраны сақтау жұмыстары, жаңа технологиялар мен білім беру саласындағы бастамалар облыстың халықаралық аренадағы беделін арттырып, Қазақстан мен түркі әлемінің интеграциясына үлес қосуда. Мәдени мұраны сақтау, ғылыми зерттеулерді дамыту, жаңа технологияларды енгізу және шығармашылық индустрияларды қолдау облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі ықпал етуде. Түркістан қаласында өтетін халықаралық конференциялар мен ғылыми іс-шаралар, сондай-ақ мәдениет саласында ұйымдастырылған түрлі фестивальдар мен көрмелер, өңірдің танымалдығын арттырып, оны әлемдік деңгейде танытуға мүмкіндік беруде.

Түркістан облысының мәдениет пен ғылым саласындағы жетістіктері, еліміздің мәдени және ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, түркі әлемінің рухани бірлігін нығайтуға да үлкен септігін тигізеді. Осы бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Түркістан әлемдік мәдениет пен ғылым орталығына айналуға тағы бір қадам жақындайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *