Журналистика және цифрлық дәуір:
Алматыдағы «БҰҰ Плаза» ғимаратында өткен дәстүрлі 13-ші Халықаралық қысқы журналистика және коммуникация мектебі биыл да медиа саласының өзекті мәселелерін талқылайтын маңызды алаңға айналды. Дүниежүзілік радио күніне орай ұйымдастырылған халықаралық жиынға Орталық Азия, Еуропа және Шығыс елдерінің жас ғалымдары, медиасарапшылар мен журналистер қатысты.

Биылғы қысқы мектеп «Медиаплюрализм және Орталық Азиядағы жасанды интеллект ғылымы» тақырыбына арналды. Бұл тақырып бүгінгі ақпараттық қоғамдағы медианың жаңа бетбұрысын, журналистиканың цифрлық дәуірге бейімделу үрдісін айқын көрсетті.
Іс-шараның ашылуында жиынға модератор болған саяси ғылымдарының докторы, профессор-зерттеуші Гүлмира Сұлтанбаева қысқы мектептің пәнаралық форматта ұйымдастырылып, офлайн және онлайн түрде өткенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай алаңдар ғылым, медиа және технология арасындағы өзара байланысты нығайтып, жаңа идеялардың қалыптасуына мүмкіндік береді.
Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры, PhD докторы Сұлтан Ертай өз сөзінде бұл жиын тек академиялық бағдарлама ғана емес, ғылым, технология және қоғам тоғысқан стратегиялық платформа екенін айтты. Оның пікірінше, медиаплюрализм – жай ғана пікір алуандығы емес, ол демократиялық қоғамның тұрақтылығы мен қоғамдық сенімнің негізі.
– Техникалық прогреске қарамастан, радио интернетсіз де жұмыс істей алатын ең сенімді байланыс құралдарының бірі болып қала береді. Ал жасанды интеллект ақпаратты талдау тәсілдерін өзгерткенімен, дезинформация мен авторлық құқық мәселелері сияқты жаңа қауіптерді де қатар ала келеді, – деді ол.
ЕҚЫҰ БАҚ бостандығы жөніндегі өкілінің бас кеңесшісі Барбара Трионфи алгоритмдердің қоғамның шындықты қабылдауына ықпалы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, «Big Tech» алпауыттарының алгоритмдік үстемдігі күшейгенімен, жасанды интеллект журналистер үшін үлкен деректерді талдау мен мультимедиалық контент жасауға мүмкіндік беретін қуатты құрал болып отыр. Дегенмен, бұл үдерісте басты қағида – «басқару жүйесіндегі адам» принципін сақтау.
Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бюросының басшысы, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек халықаралық жиынның ЮНЕСКО жариялаған Дүниежүзілік радио күні аясында өтіп отырғанын атап өтті. Ол БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының №16 бағытын – бейбітшілік, әділдік және тиімді институттарды қалыптастыруды насихаттауда жаңа медиа технологиялардың рөлі зор екенін айтты.

ЮНЕСКО-ның Алматыдағы аймақтық бюросының маманы Маджер Масанов медиа және ақпараттық сауаттылықты дамыту жөніндегі халықаралық ресурстарды таныстырып, деструктивті контентпен күрестегі ЮНЕСКО стратегиясына тоқталды.
Ал БҰҰ Даму бағдарламасының аймақтық хабының маманы Әмір Салықбаев тұрақты даму мақсаттары аясындағы коммуникациялық стратегиялар туралы баяндама жасап, қазіргі медиадағы жаңа трендтерге тоқталды.
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының өкілі, PhD Төлен Жеңісбек радионың қоғамдағы маңызына ерекше назар аударды.
– Дағдарыс немесе табиғи апат кезінде радио толқындары адам өмірін сақтап қалатын сенімді ақпарат арнасына айналады. Бұл – уақыт сынынан өткен сенім символы, – деді ол.
Сонымен қатар ол жасанды интеллектіні адамның орнын басатын құрал ретінде емес, адам мүмкіндігін кеңейтетін технологиялық серіктес ретінде қарастыру қажеттігін айтты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Farabi Supercomputer Center директоры, PhD Әмірхан Темірбаев Farabi суперкомпьютерінің мүмкіндіктерін таныстырып, Қазақстан үшін ұлттық KazLLM үлкен тілдік моделін дамыту маңызды екенін атап өтті.
– Қазақстан ақпараттық тәуелсіздігін сақтау үшін өз ұлттық тілдік моделін дамытуы тиіс. ChatGPT сияқты сыртқы платформаларға толық тәуелді болмай, өз деректерімізді қорғау – стратегиялық міндет, – деді ол.
Айта кетейік, жиында қатысушылар спикерлерге өздерінің қойған сауалдарына жауаптарын алып, пікірлеріен бөлісті. Сондай-ақ, шара барысында бірқатар ғалымдардың еңбегімен жазылған жаңа оқулық құралдар мен кітаптардың да тұсауы кесілді.

Медиа саласының практикалық қырын сөз еткен «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Есхат Божан жасанды интеллектіні редакциялық жұмысты жеңілдететін көмекші құрал ретінде қарастыру керектігін айтты.
Ал «Юридическая газета» редакторы Бахтияр Тохтахунов 2026 жылы қабылданған «Жасанды интеллект туралы» заңның құқықтық жауапкершілік пен репутациялық тәуекелдер тұрғысынан маңызын атап өтті.
«Turkistan Media Holding» медиахолдингінің басқарушы директоры, медиаменеджер, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты Тельман Бейсенов қазіргі медианың жаңа бағыттарына тоқталып, дәстүрлі БАҚ-тың цифрлық ортаға бейімделуі уақыт талабы екенін айтты.
– Бүгінде телевизияда жасанды интеллект жүргізушілері мен анимациялық жобалар нақты өндірісте қолданылып жатыр. Атап айтсам, өзім қызмет ететін медиахолдинг құрамындағы «TurkistanTV» телеарнасында ІТ-маманымыз Ғасыр Құралбайұлы ЖИ мүмкіндіктерін пайдалана отырып, «Күншуақ Табиғатқызы» есімді ЖИ жүргізушіні жасап шықты. «Күншуақ» есімді цифрлық аватар күн сайын таңертең және кешке ауа райын болжап, ақпарат таратады. Бұл – кадрлық ресурсты оңтайландыру мен қаржыны үнемдеудің тиімді тетігі болды. Ол сондай-ақ, «Түркістан сақшылары» атты анимациялық мултьфильм жасап шықты. Бұл жаңашыл еңбек жоғары бағаланып, беделді «Тұмар» ұлттық бәйгесін жеңіп алды», деді ол.
Тельман Әбдібекұлы ақпарат кеңістігінде әлеуметтік желі қаншалықты көбейсе де, кәсіби журналистің орны ерекше екенін атап өтті. «Журналист ең алдымен сауатты жаза алуы керек. Ақпараттық кеңістік – тек сөз бен суреттің емес, алгоритмдер мен есептеуіш қуаттың да майданына айналды, – деді медиаменеджер.
Қысқы мектептің үшінші кезеңі Іле-Алатау ұлттық паркіндегі «Ой-Қарағай» тау курортында жалғасты. Этно-қалашықтағы киіз үйлерде өткен мастер-кластар қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
Журналист Жания Әбдібек «Журналистік шешім» атты әлеуметтік жобасын таныстырып, журналистиканың тек ақпарат таратушы емес, қоғамдағы нақты өзгерістерге ықпал ететін күш екенін дәлелдеді. Оның бастамасымен туған ауылында ескі мектептің орнына жаңа білім ордасы салынған.

Жиында «Хантәңіріндегі поэзия кеші» де өтті. Тау қойнауындағы жыр кешінде ақындар Темірғали Көпбаев, Ермахан Әбдіраман, Әлібек Шегебай, Бекжан Әшірбай, Бауыржан Әліқожа өлең оқыды. Орталық Азия елдерінен келген қатысушылар қазақ әріптестерімен бірге махаббат, туған жер және рухани бірлік туралы жырларды оқып, әдеби кештің мазмұнын байыта түсті.
Қысқы мектеп соңында сарапшылар Орталық Азиядағы медиа білімін дамыту үшін бірқатар ұсыныстар айтты. Олардың қатарында ұлттық жасанды интеллект модельдерін медиа өндірісіне енгізу, журналистика факультеттерінің оқу бағдарламасына ЖИ этикасын қосу, ақпараттық қауіпсіздік пен деструктивті контентке қарсы ортақ ғылыми платформалар құру сияқты бастамалар бар.
Осылайша журналистика саласы майталмандарының басын қосып, тәжірибиелерімен бөліскен халықаралық қысқы мектеп технология мен рухани құндылықтарды ұштастыра алатын, сыни ойлайтын жаңа буын журналистердің қалыптасуына жол ашатын маңызды медиа алаңға айналды.
Жәнібек ҒАЛЫМ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты.
