Ақтау қаласында жасөспірімдер арасында қазақ күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Аталған додада Ордабасы ауданының жас балуандары жоғары нәтижелер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.
Атап айтқанда, +90 келі салмақ дәрежесінде Нұржігіт Әсембек пен 65 келіде Нұрдаулет Тұрсынбай күміс жүлдені қанжығаларына байлады. Ал 60 келі салмақта Дулат Біләл қола медальға ие болды. Сонымен қатар, 75 келі салмақ дәрежесінде Айсәуле Сүлеймен де сәтті өнер көрсетіп, қола жүлдегер атанды.
Бұдан бөлек, ордабасылық жас спортшылар халықаралық деңгейде де ел намысын абыроймен қорғап жүр. Әзірбайжанның Ганжа қаласында өткен кадеттер арасындағы Еуропа кубогында 40 келі салмақта Кәусар Жандарбай қола жүлдеге қол жеткізді. Жас балуандардың бұл жетістіктері — олардың тынымсыз еңбегі мен кәсіби шеберлігінің нәтижесі. Спортшыларды дайындаған жаттықтырушылар Бақытжан Иманқұлов пен Шыңғыс Аязбайдың еңбегін ерекше атап өткен жөн.
