Түркістан облыстық балалар ауруханасына түнгі уақытта жедел жәрдем қызметі арқылы 9 айлық сәби шұғыл түрде жеткізілді.
Анықталғандай, сәби абайсызда ине жұтып қойған. Дәрігерлер дереу рентгенологиялық тексеру жүргізіп, бөгде заттың нақты орналасқан орнын анықтады.
Уақыт жоғалтпай, эндоскопиялық әдіс қолданылып, өңеште тұрып қалған ине сәтті түрде алынды. Медициналық көмектің жедел әрі кәсіби көрсетілуінің арқасында ықтимал асқынулардың алдын алу мүмкін болды.

Қазіргі таңда баланың жағдайы жақсы. Сәби дәрігерлердің бақылауында болып, кейін үйіне аман-есен шығарылды.
Түркістан облыстық балалар ауруханасының мамандары — хирург Темірбеков Мұхагали, эндоскопист Ырысқұлов Бабыр бірлесе отырып, өңеште тұрып қалған бөгде затты сәтті түрде алып шықты.
Мамандар ата-аналарға балалардың қолы жететін жерде ұсақ әрі өткір заттарды қалдырмауды ескертеді. Осындай жағдай орын алса, уақыт жоғалтпай, дереу медициналық көмекке жүгіну өте маңызды.
