СОЗАҚ: ҚАРАҚҰР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ДАМУ БАҒЫТТАРЫ КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ

 

Созақ ауданында елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қарақұр ауылдық округінің тұрғындарымен арнайы кездесу өткізіп, елді мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы даму бағыттарын жан-жақты талқылады.

Кездесу барысында округ әкімі Ғалым Бимендиев өткен жылы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін саралады. Сонымен қатар алдағы кезеңге жоспарланған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар жөнінде толық ақпарат берді. Ауылдың даму динамикасы, жол, жарық, абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту бағытындағы нәтижелер баяндалды.

Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды бастамаларға тоқталып, ауылдардың дамуында жүйелі әрі кешенді тәсіл қолданылып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, әрбір жоба ең алдымен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға және ауыл инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Кездесу ашық форматта өтіп, ауыл тұрғындары белсенді түрде пікір білдірді. Тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныстар мен мәселелер жан-жақты тыңдалып, әрбір өтініш назарға алынды. Аудан әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

Биыл Қарақұр ауылында бірқатар жол жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Атап айтқанда, атауы жоқ №1, №2 және №3 көшелерге ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар Шаға елді мекеніндегі №1 көшеде де жол сапасын жақсарту жұмыстары қолға алынады. Бұл бастамалар ауылішілік қатынасты жеңілдетіп, тұрғындардың күнделікті қозғалысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Жалпы Қарақұр ауылындағы ішкі автомобиль жолдарының ұзындығы 20,3 шақырымды құрайды. Өткен жылы оның 6,3 шақырымына асфальт төселіп, жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Нәтижесінде ауылішілік жолдардың сапасы айтарлықтай жақсарып, көлік қатынасы тұрақтанды.

Инфрақұрылымды дамыту бағытында да бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Ауыл көшелеріне жол белгілері мен жасанды кедергілер орнатылып, жол қозғалысының қауіпсіздігі күшейтілді. Сонымен қатар түнгі жарықтандыру жүйесі толық жаңартылып, Қарақұр ауылы 100 пайыз көше жарығымен қамтамасыз етілді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып, ауылдың түнгі келбетін айшықтай түсті.

Көріктендіру және абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Орталық көшелердегі жарық бағаналары безендіріліп, ауылдың эстетикалық келбеті жақсартылды. Наурыз көшесінде балаларға арналған ойын алаңы мен шағын футбол алаңы салынса, Шаға елді мекенінде де жаңа ойын алаңы пайдалануға беріліп, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалды.

Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, әрбір өтініш пен ұсынысты назарға алды. Тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, көтерілген мәселелердің шешілуі бақылауға алынатыны айтылды.

Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, аудандық полиция бөлімінің және дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *