Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес Серік Маманов Тайқоңыр елді мекеніне арнайы барып, тұрғындармен ашық форматта кездесу өткізді. Жиын барысында елді мекеннің инфрақұрылымына қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, оларды шешудің нақты тетіктері қарастырылды.
Кездесуде тұрғындар ішкі жолдардың сапасы, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару жүйесі, ауыз су тапшылығы мен кәріз инфрақұрылымының жағдайы жөнінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Әрбір мәселе назарға алынып, аудан әкімдігі мен елді мекен аумағында жұмыс істейтін өндіріс орындарының бірлескен қолдауымен кезең-кезеңімен шешу жолдары қарастырылатыны айтылды.
Су мәселесін шешу бағытында маңызды шешім қабылданды. Жаз мезгілінде судың уақытпен берілуіне байланысты, өндіріс орындарының демеушілігі есебінен қолайлы аумақта жаңа ұңғыма құдық қазу жұмыстары басталмақ. Қазіргі уақытта жобаға қажетті құжаттар рәсімделіп жатыр. Бұл бастама елді мекенді тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтуға мүмкіндік бермек.
Қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі де жүйелі түрде шешілуде. Жақын күндері арнайы қоқыс төгетін алаң белгіленіп, оның аумағы қоршалады. Сонымен қатар, қоқыс полигонын заңдастыру жұмыстары жүргізіліп, қалдықтарды шығару үшін қажетті арнайы техникалар өндіріс орындарының қолдауымен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда.
Жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Жалпы ұзындығы 4,3 шақырымды құрайтын ішкі көшелердің 1,5 шақырымына асфальт төселіп үлгерсе, қалған 2,8 шақырымына қыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы кезеңде бұл көшелер толықтай асфальтпен жабдықталып, тұрғындардың қатынау жағдайы жақсартылмақ.
Кәріз жүйесіне қатысты мәселе де жан-жақты қаралды. Мамандардың техникалық қорытындысына сәйкес, орталық кәріз желісін толық жаңарту тұрғындар санына байланысты экономикалық тұрғыдан тиімсіз екені анықталған. Осыған байланысты тұрғындарға жеке үй іргесінен септик орнату ұсынылып, оның экологиялық әрі практикалық тиімділігі түсіндірілді.
Бүгінде Тайқоңыр елді мекенінде әлеуметтік инфрақұрылым тұрақты жұмыс істеп тұр. Мұнда Төлеген Момбеков атындағы жалпы білім беретін мектеп, мәдениет үйі, «Арай» бөбекжай-балабақшасы және жаңа медициналық пункт тұрғындарға қызмет көрсетуде. Бұл нысандар елді мекеннің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етіп отыр.
Өткен жылы Тайқоңырда да бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылған. Шағын футбол алаңы пайдалануға беріліп, 30 қоқыс контейнері орнатылған. Орталық көшелер толық жарықтандырылып, елді мекеннің ішкі көшелері 100 пайыз түнгі жарықпен қамтылған. Сонымен қатар электр желілерінің қуатын арттыру мақсатында жаңа трансформаторлар орнатылып, инфрақұрылым тұрақтандырылған.
Алдағы уақытта мал өлекселерін тастайтын арнайы орын салу да жоспарланған. Бұл шара санитарлық талаптарды күшейтіп, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Тайқоңыр елді мекенінде көтерілген әрбір мәселе аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында. Барлық ұсыныстар мен өтініштер кезең-кезеңімен зерделеніп, нақты шешімдер қабылдануда. Қазіргі таңда жауапты сала мамандары мен ауыл әкімдігі күшейтілген режимде жұмыс жүргізіп, кешенді жобаларды үйлестіруді жалғастыруда.
