ТҮРКІСТАН: «ФАРАБ» КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН СОҢҒЫ 5 ЖЫЛДА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ІС-ШАРА ӨТКЕН

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қайта құрылғанына биыл 5 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен 2 мыңға жуық іс-шара өтті. Бұл туралы өткен баспасөз жиынында кітапхана басшысы Жанат Шардарбекова мәлімдеді.
«Мекеменің соңғы бес жылдағы жұмысы Қазақстан Кітапханалар одағы тарапынан жоғары бағаланды. Мерейтой аясында кітапхана қызметін цифрландыруға бағытталған жаңа жобалар іске қосылады. Атап айтқанда, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін «ЗердеAI» виртуалды көмекшісі, кітапхананың 360 градустық виртуалды туры және «FaraQuiz» интеллектуалдық платформасы ұсынылады. Алдағы 15 шілде күні Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға бағытталған «Тұран – достық бастауы» халықаралық мәдени-рухани кездесуі өтеді. Іс-шара аясында халықаралық кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапхана ісін цифрландыру, халықаралық тәжірибе және кәсіби ынтымақтастық мәселелері талқыланатын халықаралық семинар өтеді. Сол күні Созақ ауданындағы «Жұмбақ тау» кешенінде табиғат аясында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуаныш Оспанның қатысуымен «Ай сәулесіндегі өлең…» поэзиялық кеші ұйымдастырылады.
746041916 1348030380076811 9151374710318874547 N
Мерейтойлық аптаның қорытынды іс-шарасы – 16 шілдеде өтетін «Бес жыл – бес белес» салтанатты жиыны. Онда кітапхананың бес жылдық жетістіктері таныстырылып, сала үздіктері «Оқитын өлке», «Жыл кітапханашысы», «Алтын формуляр» номинациялары бойынша марапатталады» — деді кітапхана басшысы.
Сонымен қатар, брифингке қатысқан ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым өңірде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында білім беру ұйымдарымен бірлескен кітап оқу марафондары, әдеби кездесулер, оқырмандар конференциялары және өзге де мәдени-ағартушылық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылатын жеткізді. Жобалардың негізгі мақсаты – кітап оқу мәдениетін дамыту, жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыру және кітаптың қоғамдағы беделін нығайту.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *