Түркістан облысы Отырар ауданының тұрғыны жұбайының төрт баласымен бірге 7 күн бұрын үйден шығып кетіп, хабар-ошарсыз қалғаны туралы полицияға арызданды. Аталған дерек бойынша Түркістан облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, жедел іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды.
Із-түзсіз жоғалған әйелдің қасында жастары 6,5,3 және 10 айлық төрт баласы болған. Полицейлер ауданның кіреберісі мен шығаберіс бағыттарына бақылау бекеттерін қойып, автокөліктерді тексерді. Сонымен қатар көршілес аумақтарға арнайы бағыттамалар жолданып, іздеу шаралары күшейтілді. Азаматтарды аман-есен табуға бағытталған кешенді жедел іс-шаралар үздіксіз жүргізілді.
Нәтижесінде жоғалған әйел балаларымен бірге таксимен келе жатқан жерінен анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Тексеру барысында әйелдің күйеуімен арада болған тұрмыстық келіспеушіліктен кейін ренжіп, балаларын және құжаттарын алып, Шымкент қаласына кетіп қалғаны белгілі болды. Онда ешкімге айтпастан пәтер жалдап тұрғаны анықталды.
Қазіргі таңда жақын туыстары шақырылып, полиция қызметкерлері тарапынан профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Отбасы мүшелері өзара татуласып, үйлеріне аман-есен оралды.
Түркістан облысының полицейлері іздеу жұмыстарына қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғыс білдіреді.
