СОЗАҚ: ЖЫЛУ ЖӘНЕ АУЫЗ СУ ЖҮЙЕЛЕРІН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАУДА

 

Алдағы жылыту маусымына дайындық – тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыстық жайлылығын қамтамасыз етудегі маңызды міндеттердің бірі. Осыған байланысты аудан көлеміндегі жылу жүйелерінің әзірлігіне, қазандықтардың техникалық жағдайына және инженерлік инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуіне ерекше назар аударылуда.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Таукент кентіне барып, алдағы жылыту маусымына дайындық барысын бақылап, орталықтандырылған жылу қазандықтарында жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу және жаңғырту жұмыстарымен танысты. Сапар барысында жылу өндіретін нысандардың қазіргі жағдайы, негізгі жабдықтардың жұмыс қабілеті және жөндеу жұмыстарының орындалу барысы қаралды.

Таукент кентіндегі жылу қазандығы «Шолаққорған-су» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қарамағында. Мұнда жылу жүйесінің сенімділігін арттыру және қазандықтың техникалық мүмкіндігін күшейту мақсатында негізгі қондырғыларды жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, қазандықтағы 1 дана КВГМ-10-150 су қыздырғыш қазандығы мен 1 дана ДЕ-10/14 бу қазандығы ауыстырылуда. Сонымен бірге жылу жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін насостар мен бекіткіш арматураларды жаңарту жұмыстары қолға алынған.

Мұндай жұмыстардың басты мақсаты – жылыту маусымы кезінде орын алуы мүмкін техникалық ақаулардың алдын алып, жылу жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Қазандықтардағы негізгі жабдықтардың уақытылы жаңартылуы жылу беру сапасын арттырып қана қоймай, апатты жағдайлардың алдын алуға және тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сенімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Жұмыс барысын зерделеген аудан әкімі жауапты сала мамандарына жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Мұхит Тұрысбеков қазандықтардың техникалық жағдайын мұқият тексеріп, әрбір жабдықтың талапқа сай жұмыс істеуін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ анықталған кемшіліктерді кейінге қалдырмай, жылыту маусымы басталғанға дейін толық жою қажеттігін ескертті.

«Жылыту маусымына дайындық жұмыстары тек қазандықтарды іске қосумен шектелмеуі тиіс. Барлық инженерлік жүйелер толық тексеріліп, әлсіз тұстары алдын ала анықталуы қажет. Тұрғындар үшін жылудың үздіксіз берілуі – басты міндет», – деген аудан басшысы жауапты қызметкерлерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Аудан аумағында жылумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңарту жұмыстары Таукент кентімен ғана шектелмейді. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған Қыземшек кентінде де жылу желілерін жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Биыл Қыземшек кентінде жалпы ұзындығы 2,2 шақырым жылу құбыры ауыстырылуда. Бұдан бөлек, ұзындығы 3,3 шақырым жылу құбырының жылу оқшаулағышы жаңартылуда. Жылу желілерінің тозуы мен жылу шығынын азайту мақсатында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстардың маңызы зор. Себебі желілердің техникалық жағдайы жылу энергиясының тиімді жеткізілуіне және тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың тұрақты жылумен қамтылуына тікелей әсер етеді.

Сонымен қатар Қыземшек кентіндегі жылу жүйесінде насостар мен бекіткіш арматуралар ауыстырылды. Жаңартылған жабдықтар жүйенің жұмыс тиімділігін арттырып, жылу беру кезінде туындайтын техникалық тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.

Аудан басшысы аталған нысандардағы жұмыстардың сапасына ерекше назар аударып, мердігерлер мен жауапты мамандарға құрылыс және техникалық талаптардың қатаң сақталуын тапсырды. Жөндеу кезінде қолданылатын материалдардың сапасы мен атқарылған жұмыстардың нәтижесі тұрақты бақылауда болуы керектігін айтты.

Сапар барысында аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы Абай елді мекеніне де барып, ауыз су жүйелерінде жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарын бақылауға алды. Мұнда инженерлік желілердің техникалық жағдайы, жөндеу жұмыстарының орындалу сапасы және тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Ауыз су – халықтың күнделікті тұрмысындағы ең қажетті әлеуметтік игіліктердің бірі. Сондықтан су құбырлары мен тиісті инженерлік желілердің қалыпты жұмыс істеуі елді мекен тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер етеді. Осы ретте желілердегі ақауларды дер кезінде анықтап, оларды жедел жөндеу және тозған учаскелерді кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары тұрақты жүргізілуі қажет.

Аудан әкімі жауапты мамандарға Абай елді мекеніндегі ауыз су жүйесінің жағдайын жан-жақты зерделеп, туындаған мәселелерді қысқа мерзім ішінде шешуді тапсырды. Сонымен қатар тұрғындарға ауыз судың үздіксіз әрі сапалы берілуін қамтамасыз ету, инженерлік желілердің техникалық жағдайын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

Жалпы, аудан көлемінде жылу және ауыз су жүйелерін жаңғыртуға бағытталған жұмыстардың негізгі мақсаты – коммуналдық инфрақұрылымның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру. Әсіресе жылыту маусымы қарсаңында қазандықтар мен жылу желілерінің дайындығын пысықтау, ал елді мекендердегі ауыз су жүйелерін үздіксіз бақылауда ұстау – жауапты сала мамандарының басты міндеттерінің бірі.

Бүгінде атқарылып жатқан жөндеу және жаңғырту жұмыстары ауданның инженерлік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңартуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – қолға алынған жұмыстардың сапалы орындалып, белгіленген мерзімде аяқталуы. Бұл өз кезегінде тұрғындардың тұрақты жылумен және сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуіне оң ықпал етпек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *