Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің көлік саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Көлік министрлігінің Ахуалдық орталығында Премьер-министрге автожол, теміржол және авиация салаларында енгізіліп жатқан заманауи шешімдер мен IT-әзірлемелер ұсынылды. Атап айтқанда, ұлттық бейнебақылау жүйесі, e-Joldar, Smart Cargo, Q-Gate, QazETA, Echelon Alpha, KinetiX және Trip Optimizer көрсетілді.
Автожол саласында камералардың деректерін, салмақты бақылау және жол ақысын төлеу жүйелерін қамтитын Ұлттық бейнебақылау жүйесі (ҰББЖ) енгізілуде. Болашақта ЖИ қолдану заңбұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, тәуекелдерді болжауға, көліктегі жағдайды талдауға және ЖКО-лардың алдын алуға мүмкіндік береді.
E-Joldar автомобиль жолдарын бақылау жүйесі шамамен екі ай бұрын іске қосылды және жолдардың жай-күйін, материалдардың сапасын, сондай-ақ жөндеу шығындарын бақылауға мүмкіндік береді. Қазір республикалық маңызы бар 41 мың шақырымнан астам жол цифрландырылды. Жыл соңына дейін ұзындығы 185 мың шақырым болатын еліміздің барлық жол желісін қамту жоспарлануда.
Smart Cargo платформасы «бір терезе» қағидаты бойынша халықаралық жүк ағындарын онлайн-қадағалауды қамтамасыз етеді. Ол 58 ақпараттық жүйенің деректерін біріктірді, бұл жүктерді 100% ізінен қарап отыруға, олардың шекарадан өту жылдамдығын 30%-ға арттыруға және тасымалдаушылардың кезекте тұру уақытын 10 есе қысқартуға мүмкіндік берді.
