Түркістан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Асарлату» экологиялық іс-шарасы ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – арық-атыздар мен суару каналдарын қоқыстан тазарту, су арналарының кедергісіз ағып өтуін қамтамасыз ету, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Сонымен қатар, бастама халықты ортақ іске жұмылдырып, елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға, ұлттық құндылығымыз – асар дәстүрі арқылы бірлік пен ынтымақты нығайтуға бағытталды.

Экологиялық іс-шараға жалпы 50 283 адам қатысып, тазалық жұмыстарына 249 бірлік техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 384,5 тонна қоқыс шығарылып, 448,9 гектар аумақ тазартылды. Сонымен қатар 215,7 шақырым арық тазаланып, 1 150 ағаш егілді, 6 206 ағаш әктелді.
Аталған бастама қоршаған ортаны қорғауға, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған жұмыстардың маңыздылығын көрсетті.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай игі істер халықты ортақ мақсатқа жұмылдырып, табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге және қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға ықпал етеді.
