Қазығұрт ауданында шағын және орта бизнесті дамыту, өндірістік әлеуетті арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Осы мақсатта ауданда бірнеше шағын өндірістік алаң құрылып, кәсіпкерлердің өз жобаларын жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасалуда. Аталған бастамалар аудан экономикасын әртараптандыруға, жергілікті өнім көлемін ұлғайтуға және тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді.
Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов жұмыс жоспарына сәйкес «Қызылқия» және «Тұрбат» шағын өндірістік алаңдарына арнайы барып, ондағы құрылыс жұмыстарының барысымен және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу кезеңімен танысты. Сонымен қатар, өндірістік нысандардың дайындығын бақылап, кәсіпкерлерге жасалып жатқан жағдайларды саралады.
Атап айтқанда, «Тұрбат» шағын өндірістік алаңының жалпы жер көлемі 1 гектарды құрайды. Мұнда 6 өндірістік жобаны іске асыру жоспарланған. Жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 11 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға қосымша мүмкіндік тумақ.
Қазіргі таңда өндірістік алаң аумағында құрылыс жұмыстарының негізгі кезеңдері аяқталған. Жер телімі тегістеліп, алты өндірістік ғимараттың темір қаңқалары құрастырылған. Сондай-ақ ғимараттарды сэндвич-панельдермен қаптау жұмыстары толық аяқталып, қажетті инфрақұрылым тартылған. Бүгінде кәсіпкерлерді өндірістік алаңға орналастыру және алдағы өндірістік жұмыстарды ұйымдастыру шаралары жүргізілуде.
Аталған алаңда күнделікті тұрмысқа қажетті бірнеше өнім түрін шығару көзделген. Атап айтқанда, бал құюға арналған ыдыстар, желдеткіш құралдары, жиһаз бұйымдары, пластикалық ыдыстар, көрпе-төсек өнімдері мен жууға арналған сұйықтықтар өндірілмек. Бұл өз кезегінде жергілікті нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етуге, шағын кәсіпорындардың дамуына және жаңа өндірістік бағыттардың қалыптасуына ықпал етеді.
Ал Қызылқия елді мекеніндегі шағын өндірістік алаңның жалпы жер көлемі 0,6 гектарды құрайды. Жоба аясында жалпы ауданы 1 000 шаршы метр болатын 5 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Инвестициялық жобаның жалпы құны – 159 млн теңге. Өндірістік нысандар толық іске қосылған кезде 12 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Бұл жоба да ауданның кәсіпкерлік саласын жандандыруға, өндіріс көлемін арттыруға және жергілікті тұрғындардың еңбекпен қамтылуына оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, шағын өндірістік алаңдардың құрылуы кәсіпкерлердің өндіріс ашуына қажетті дайын инфрақұрылымды ұсыну арқылы инвестициялық белсенділікті арттыруға жол ашады.
Аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы нысандарды аралау барысында құрылыс жұмыстарының сапасына, белгіленген мерзімдердің сақталуына және инвестициялық жобалардың уақытылы іске қосылуына ерекше назар аударды. Ол өндірістік алаңдардың аудан экономикасы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасаудың қажеттігін жеткізді.
Сондай-ақ жауапты сала басшыларына құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтау, инженерлік инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, кәсіпкерлерді өндірістік орындарға орналастыру және жобалардың жүзеге асырылуын тұрақты бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Жалпы, Қазығұрт ауданында қолға алынған бұл бастамалар жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға, инвестиция тартуға, жаңа өндіріс орындарын қалыптастыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Алдағы уақытта өндірістік алаңдар толық іске қосылған соң ауданның экономикалық мүмкіндіктері кеңейіп, тұрғындар үшін қосымша еңбек көздері қалыптасады деп күтілуде.
