Халықаралық әйелдер кәсіпкерлігі күніне орай «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Жаңа тарихи кезеңдегі әйелдер кәсіпкерлігі: әлеует пен жауапкершілік» тақырыбында пікір алмасу алаңы өтті.
Басқосуға кәсіпкер әйелдер, бизнес саласының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері мен партия белсенділері қатысып, әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың өзекті мәселелері мен жаңа мүмкіндіктерін талқылады.
Жиынды «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева жүргізіп, кездесудің негізгі мақсатына тоқталды. Ол өз сөзінде әйелдер кәсіпкерлігі экономикалық белсенділікті арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға, отбасылардың әл-ауқатын жақсартуға және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосатынын атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттерге назар аударып, шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлерге тең мүмкіндік жасау, қаржыландыру тетіктерін жетілдіру және цифрлық экономиканы қалыптастыру бағыттарының маңыздылығын жеткізді.

Алғашқы болып сөз алған Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары, «Ауылдық жерлерде әйелдер бизнесін дамытуға жәрдемдесу» бағытының жетекшісі Зухра Амирова ауылдық жерлерде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, бизнес бастамаларды қолдау және кәсіпкерлік қызметке қатысты құқықтық мәселелер жөнінде ой-пікірін ортаға салды.
Келесі кезекте Түркістан облысы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, «Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту және цифрлық қоғамды қолдау» бағытының жетекшісі Инара Намазбаева әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, цифрлық сауаттылығын арттыру және заманауи технологияларды кәсіпкерлік саласында тиімді пайдалану мәселелеріне тоқталды.
Сондай-ақ «Асыл-LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Динара Егамбердиева кәсіпкерлік саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, бизнесті дамыту барысында кездесетін мүмкіндіктер мен өзекті мәселелер жөнінде пікір білдірді.
Ал «Барыс Құрылыс» ЖШС директоры, облыстық партия филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Мадина Исламқызы Ислам кәсіпкерлік қызметтің қыр-сырына тоқталып, іскерлік бастамаларды жүзеге асырудағы тәжірибесімен бөлісті.
Іс-шараның келесі бөлімінде қатысушылар өзара пікір алмасып, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, кәсіп бастауға ниетті азаматтарды қолдау, қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру, кәсіпкерлік білім мен цифрлық дағдыларды жетілдіру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар бизнесті дамытудағы кедергілер мен оларды шешу жолдары жөнінде ұсыныстар айтылды.
Жиынды қорытындылаған Қалыйма Жантөреева басқосу барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың маңыздылығына тоқталып, әйелдердің іскерлік әлеуетін қолдау партия жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ айтылған ұсыныстарды назарға алып, оларды тиісті мемлекеттік органдар мен жауапты мекемелерге жеткізуге мүдделі екенін жеткізді.
Пікір алмасу алаңы тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді ортаға салуға және әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған жаңа бастамаларды айқындауға мүмкіндік берді.
Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.
