ТҮРКІСТАНДЫҚ АТА-АНАЛАР НАЗАРЫНА!

Былтырғы оқу жылы жылдағыдан өзгеше басталғаны белгілі. Бұрын-соңды мұндай жағдайда жұмыс жасамаған еліміз үшін бұл біршама қиындықтар тудырғаны жасырын емес. Уақыт өте жүйелі жасалынған жұмыстардың нәтижесінде негізгі мәселелер шешімін тауып, қазіргі таңда оқыту жүйесі қалыпты жұмыс жүргізіп жатыр. Дегенмен, ата-аналар арасында оқушыларға берілетін жеңілдіктер мен көмектер тұрғысында түсініспеушіліктер әлі де орын алуда. Сондықтан да облыс және қала басшылығына қойылып жатқан ең негізгі сұрақтар бойынша ата-аналарға түсіндірме жолдағанды жөн санап отырмыз.

ОҚУШЫЛАРҒА БЕРІЛЕТІН КИІМ-КЕШЕК ПЕН ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚТАР ЖӘНЕ АТА-АНАЛАРҒА ҚОЛМА-ҚОЛ АҚША БЕРУ МӘСЕЛЕСІ
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 30 желтоқсандағы №1032 қаулысына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 320 бұйрығына сәйкес, орта білім беру ұйымдарында оқитын 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалары бар аз қамтылған отбасыларға берілетін кепілдік берілген әлеуметтік топтамада мектеп формасы не спорттық форма және мектеп жазу керек-жарақтарының жиынтығын алып беру қарастырылған. Осы мақсатта 2021-2022 оқу жылында 1 балаға 27500  теңге көлемінде көмек көрсету көзделген. Мұндай санаттағы балалардың саны қазіргі таңда жобамен 2629 бала болып отыр. Былтырғы жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің шешімімен карантин жағдайында мектеп формасы міндеттелмегендіктен сатып алу конкурсы тоқтатылған болатын. Биылғы оқу жылында білім беру ұйымдары конкурс жарияланғаннан кейін бөлінген бюджет қаржысы игеріліп, қажетті заттар сатып алынатын болады. Бұл жұмыстарды мектеп есепшілері жүзеге асырады. Қолма-қол ақша тарату жүйесі қаралмаған. Сондықтан киімге қаралған қаржы нысаналы түрде жаратылады. Яғни, ата-аналардың есебіне аудару деген мәселе болмайды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы N 64 Қаулысында көрсетілген білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің мынадай санаттарына киім, аяқ киім, мектеп-жазу құралдарын қамту қарастылған:
1) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға;
2) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға;
3) жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға;
4) төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға;
5) білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына (бұдан әрі – білім алушылар мен тәрбиеленушілер) қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау бағыты мен есепке алу тәртібін айқындайды.

МЕКТЕПТЕ ТЕГІН ТАМАҚТАНУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 320 бұйрығына сәйкес, орта білім беру ұйымдарында оқитын 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалары бар аз қамтылған отбасыларға берілетін кепілдік берілген әлеуметтік топтамада бір реттік ыстық тамақпен қамту қарастырылған. Жаңа 2021-2022 оқу жылы дәстүрлі форматта көшкен жағдайда санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты жақсаруымен 1-11 сынып оқушылары қатаң санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, дәстүрлі режимге өтеді. Сол жағдайда қайта ыстық тамақпен қамту жалғасады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы N 64 Қаулысында көрсетілген санаттағы балалардың ата-аналары мектеп әкімшілігіне өтініш пен қажетті құжаттарын өткізген жағдайда ыстық тамақпен қамтылатындығын хабарлайды.

Құрметті ата-аналар! Қала әкімдігі, қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімі карантин жағдайында қаламызда білім беру жұмысын жүйелі жүргізу мақсатында ауқымды шаралар атқаруда. Қажетті жұмыстар жасалынып, оқушылардың өз деңгейінде білім алуына жағдайлар жасалуда. Сондықтан да сіздерден әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан түрлі тексерілмеген, жалған ақпараттарға сенбеулеріңізді сұранамыз. Кез келген мәселе бойынша ақпарат алу үшін тікелей қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің 8-707-493-30-87 ватсап нөміріне, немесе әлеуметтік желідегі жеке парақшаларында сұрақ жолдауларыңызға болатынын ескертеміз.

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ АДАМИ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БӨЛІМІ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *