
Елде пандемиялық ахуал күрт жоғарлап, карантиндік талаптар күшейтілгеннен бері мектептер толықтай қашықтықтан оқу форматына ауысқаны белгілі. Осыған байланысты, түрлі мәселелерге басқа қырынан қарауға, жаңа нәрселерді сынап көруге үлкен мүмкіндік туды. Мысалы Түркістан облысының жалпы білім саласына 387 млрд 511 млн 400 мың теңге бөлінген. Биыл облыс бойынша жалпы 78 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, Түркістан қаласында 720 орындық «Назарбаев Зияткерлік мектебі» салынып, осы оқу жылына пайдалануға беріледі. Оған қоса, 700 орындық мамандандырылған дарын мектебінің құрылысы жүргізілуде. Оқу жылының басы басталса да, 6 апатты және 4 үш ауысымды мектептің мәселесі әлі де толығымен шешімін таппаған. 2025 жылға қарай обылыста 130 мектеп салынады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, облысымыздың Түркістан қаласы мен Бәйдібек, Төлеби, Жетісай аудандарының орталығынан «BI GROUP» компаниясы есебінен 4 заманауи мектеп құрылысы жүргізіліп жатқанынан хабардар болдық. Одан бөлек өңірдегі үздік ұстаздар марапатталып, пандемия кезіндегі озық технологияларды қолдану әдістерін тереңінен талқылады.