
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде шәкірттеріміз, еркін және әйелдер күресінен жастар арасында Әлем чемпионатының жүлдегерлері – Нилуфар Раимова және Мадина Аманды салтанатты қабылдау және марапаттау рәсімі өтті.
Ректор Жанар Темірбекова Ресейдің Уфа қаласында өткен Әлем чемпионатында жеңімпаздар қатарынан көрінген қос спортшымызды жүлдесімен құттықтап, ыстық ықыласын білдірді.
– Сіздердің жеңістеріңіз – университет үшін ғана емес, еліміз үшін де үлкен жетістік! Нилуфар Раимова Қазақстанға 13 жыл арман болған алтын жүлдені жеңіп алды. Мадина Аман өзінің ерік-жігерінің нәтижесінде қола жүлдені иеленді. Біз осындай шәкірттеріміздің барына мақтанамыз. Алдағы жарыстарда тек қана жеңіс тілейміз! — деді Жанар Амангелдіқызы.
Сонымен қатар, Ректор спортшылардың бапкері Нұржігіт Ерімбетовке және жеңімпаз студенттеріміздің ата-аналарына алғыс айтты.
Өз кезегінде, Нилуфар Раимова мен Мадина Аман университет басшылығына қолдауы мен демеуі үшін ризашылығын білдірді.
Салтанатты марапаттау рәсімінде Ректор Жанар Амангелдіқызы жеңімпаз студенттерімізге университетіміз Өкілетті Кеңесінің Төрағасы, профессор Мухиттин Шимшектің атынан ноутбук тарту етті. Мұнымен сабақтас, Ректор саңлақ спортшыларымыз бен бапкеріне Түркия Республикасында сауықтыру-оңалту орталығында тынығу үшін 10 күндік жолдаманың сертификатын табыстады. Балуандардың жаттықтырушысы мен ата-аналарына арнайы құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.
Еске салайық, еркін және әйелдер күресінен жастар арасында Әлем чемпионаты Ресейдің Уфа қаласында 16-22 тамыз аралығында өтті. Байрақты бәсекеде студенттеріміз Нилуфар Раимова 57 келі салмақта алтын жүлде және Мадина Аман 59 келі салмақ дәрежесінде қола жүлде иегері атанды.