
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлының ұйымдастыруымен «Түркістан қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы» бағыттарының негізінде бауырлас түркі елімен тәжірибе алмасу үшін Түркістан қаласынан Түркия Республикасына делегация аттанған болатын. Қазақстан Республикасы Түркістан облысының Түркістан қаласы мен Түркия Республикасының Стамбул қаласы муниципалитеттері (әкімшілік) арасындағы достық байланыстар негізінде және бауырлас қала болу бағытында өзара экономикалық ғылыми, техникалық және мәдени ынтымақтастықты орнату — делегацияның басты мақсаты.
Қала әкімінің орынбасары Жандос Қалмырзаұлы бастаған бұл топта Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы Мақсат Асылбекұлы және мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер бар. Іс – сапардың мазмұны Стамбул қаласының муниципалитеттерін (әкімшілік) аралап, онда әкімшілік – іскерлік қарым – қатынастар жүргізіп, өзара ынтымақтастық бауырмалдықты арттыру, тәжірибе алмаса отырып түркі елінен кәсіпкерлерді, басқа да сала мамандарын алдырып, олардың іс – тәжірибесімен бөлісу, сондай ақ турзим саласының даму бағыттарын талқылау болып табылады.
Бүгін делегация Үскүдар муниципалитеті (әкімшілік) қаланың әкімінің қабылдауында болып, онда өзара пікір алмасып ондағы алған әсерлерімен бөлісті. Алдағы күндері Бейкөз, Эйюпсун, Зейтинбурну сынды муниципалитеттеріне барып, олардың экономикалық және туризм бағыттары бойынша даму көрсеткіштерімен танысып, тәжірибе алмасатын болады. Іс – сапар барысын алдағы уақытта сіздермен осы парақшада бөлісетін боламыз.