Шымкентте Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы басталды.
– Қаламызда жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту шаралары жүйелі жүргізілуде, — деді Жаннат Бахытжанқызы. – Әсіресе, жас мамандар университетті немесе колледжді бітіргеннен кейін бірден жұмыс таба алмай бос жүріп қалатыны белгілі. Өйткені, жұмыс берушілер әдетте тәжірибесі бар кадрларға басымдық жасайды. Ал мектеп бітіріп, жоғары оқу орындарына түсе алмай қалғандардың жағдайы одан да қиын екені айтпаса да түсінікті. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін елімізде жаңа бағдарлама өз жұмысын бастады. Бұл жоба алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектер, жиырма тоғыз жастан аспаған жұмыссыздар, оның ішінде жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастарды қамтиды.
Жаннат Оспанханова аталған бағдарламада жұмыс беруші тұрақты жұмыс орынға 24 айдан кем емес мерзімге жұмысқа орналастыратынын айтады. «Алғашқы жұмыс орны» жобасының талабына сәйкес, жұмыс беруші, сондай-ақ, жұмыспен қамту орталығымен жас маманды кем дегенде 2 жылға тұрақты жұмысқа қалдыру жөнінде келісім жасайды. Сонымен бірге, жұмыс істеген бірінші жылы мемлекет қызметкердің ай сайынғы жалақысына 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде субсидия береді. Одан кейінгі 12 айда жалақыны жұмыс беруші төлейді. Бұл ретте жас маманның себепсіз жұмысынан босап қалмауын орталық өз бақылауында ұстайды. Нәтижесінде жас маман екі жылда тәжірибе жинақтайды. Бұл өз кезегінде жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендетеді.