Нұр – Отан партиясының биылғы сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының 106-тармақты іске асыру аясында Түркістан қаласының тарихи-мәдени объектілерінде ғылыми-реставрациялау жұмысы жалғасады деп хабарлайды ҚР мәдениет және спорт министрлігі.
Соның ішінде «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесін ғылыми қайта құру жұмыстары жалғасын таппақ. Негізгі жұмыс Гурхананың есігін реставрациялау болмақ. Қазір белгілі реставратор К.Алтынбековтың арнайы зертханасында оларды зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.
Ғылыми-реставрация жұмысы тарихи шаһар қалашығының басты қақпасы – Жеті ата қақпа кесенесінің тарихи магистральды көшеде жүргізілуде. Ежелгі магистралды көшедегі көне тұрғын аудандарды, қолөнершілер дүкенін, мешіттерді сақтай отырып, тарихи инфрақұрылымды қалпына келтіру жоспарланған.
Онымен қоса ғылыми – қайта құру жұмысы Қылует (жерасты мешітімен), Әбілмәмбет ханның хан ордасы, Рабия Сұлтан Бегім кесенесі сияқты тарихи нысанда жүріп жатыр. Қазіргі уақытта Рабия Сұлтан Бегім кесененің бас күмбезінің барабан бөлігін жаңарту және тарихи порталды қалпына келтіру қолға алынды. Тағы төрт тарихи қақпаның (Жеті ата кақпа, Дарбаза кақпа, Тақия кақпа және Мусялла кақпа) ені мен биіктігін қалпына келтіру арқылы жоғалған бөліктері қалпына келтіріледі. Осылайша, олардың туристер үшін тартымдылығын арттыру көзделген. Түркістан қалашығының осы нысандарын (9 нысанды) ғылыми-реставрациялау жұмысына биыл республикалық бюджеттен 387 млн теңге қарастырылған.
Бұл қатарда Отырар оазисінің тарихи-мәдени мұра объектілерінде маңызды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шілде айында Шығыс моншасында туристер үшін шолу алаңдарын ұйымдастыру бойынша жұмыс аяқталды. Оңтүстік қақпаны солтүстік қақпамен біріктіру мақсатында негізгі көшеде де жұмыс жүргізілуде. Екі қақпаның арасында қолөнершілер кварталдары мен ХІІ ғасырдың тұрғын үй-жайлары қалпына келтірілуде. ХIV- ХVІ ғасырға жататын Бердібек сарайы мен мешіттерді қалпына келтіру жұмысын жүргізуде. Жалпы Отырар оазисіндегі ғылыми-реставрациялау жұмысымен 10 нысан қамтылған. Биыл осы жұмысқа қарастырылған қаражат 426 млн теңге.
Сауран қалашығында тарихи-ғылыми құжаттар мен фотоматериалдар негізінде ежелгі технология бойынша күйдірілген кірпіштен салынған кіреберіс бекініс мұнаралары мен қабырғаларын қалпына келтіру жұмысы жүзеге асырылып келеді. Қалпына келтіру кірпіштерін өндіретін цех пен зертхана Түркістан қаласында орналасқан. Ал шілдеде Ақыртас сарай кешенінде ғылыми-реставрациялау жұмысы аяқталды. Онда колонналары бар сарайдың жеке үй-жайлары мен жаңа объектілер қалпына келтірілді.