
Үшінші мегаполистегі халық көп шоғырланған аймақ – Абай ауданы. Шаһардың шырайын ашқан ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі біздің назарымыздан тыс қалған емес. Төскейде жайылған төрт түлігі өрісін кеңейтіп, текті азаматтары түрлі кәсіптің тетігін ұстап отырған ауданның жақсы жаңалықтары көп.
Біздің ең үлкен жетістігіміз ол – ата-бабаларымыздың аңсаған асыл арманы Тәуелсіздік. Сол асқақ арманға қол жетті. Кешегі қазақ жастарының өршіл мінезін танытқан Желтоқсан көтерілісі де жаңа тарихымызға елеулі із қалдырды. Биылғы жылы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өткелі отырған Қазақ елі бұл күндері төрткүл дүниеге танымал. Мемлекетіміз ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлар, іргелі бағдарламалар қабылдап солардың бәрін сәтті жүзеге асырып келеді. Алдағы мақсат – Тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ету. Осы жолда абыройлы белестен көріне білейік. Қазақ ұлтының сақталуы, ықылым заманнан өзі мекендеген ата жұртында дербес мемлекет, егемен ел ретінде шаңырақ көтеріп, өркендеуінің бастауы Тәуелсіздікке келіп тірелетіні анық. Сондықтан да қазақ үшін Тәуелсіздіктің орны ерекше. Мінеки, ел болып, тереземіз басқа жұртпен тең болып, халықаралық деңгейде толыққанды мойындалған мемлекет ретінде өмір сүріп жатқанымызға да 30 жылдың жүзі болып отыр. Бұл ретте Қазақстан Респбуликасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың рөлі зор.