Адамзат баласының тарихында ерекше орын алатын екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 76 жылдан асып барады. Ұлы Отан соғысы деген атау алған қанқұйлы майданның зардабы әлі күнге дейін сезіледі. Майдан даласында кеудесін оқ пен отқа төсеген нешеме сарбаз хабарсыз кетті. Олар жайлы артында қалған ұрпақтары, туыстары осы күнге дейін бір дерек біле алмай құсада жүр. Мұнан бөлек қаншама батырларға берілген тиісті марапаттар соғыс жағдайында түрлі себептерге байланысты табыс етілмей қалып жатты.
Ұлы Отан соғысының ардагері Шындалиев Лашын Шiркiтбайұлына 1945 жылғы 19 наурызда берілуі тиіс «Қызыл Жұлдыз» ордені де дер кезінде берілмей қалған. Ол кісінің ұрпақтары жер-жерге сұрау салып, тынбай ізденудің нәтижесінде бір кездері аталарына осындай марапат берілгені жайлы нақты деректерге қол жеткізді. Нақты деректерге көз жеткізген Ресей тарапы аталған орденді таяуда Лашын Шiркiтбайұлының ұрпақтарына табыс ету үшін Қазақстанға жолдады.
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев пен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Ербол Жұманов Қоссейіт ауылындағы ардагердің ұрпақтарына аталған марапатты табыс етті.
Ерлік ешқашан ескірмейді!