
Түркістан облысы Сайрам аудандық білім беру саласы қызметкерлерінің «Білімді ұлт – тұрақты дамудың кепілі» тақырыбындағы аудандық тамыз педагогикалық кеңесі болып өтті.
Кеңесті Сайрам ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Құралай Шадиева ашып, кеңеске сәттілік және табыс тіледі.
Кеңесте аудан әкімінің орынбасары Аңсар Жаңабайұлы Өсербаев өз құттықтау сөзінде аудан әкімі Ұласбек Сәдібекұлы Сәдібековтың аудан педагогтеріне деген тілегі мен құттықтауын жеткізді.
Сайрам ауданының ардагер ұстазы Қабылбеков Аманкелді «Бала тәрбиесіндегі әке ролі», аудандық саз мектебінің директоры Бердимуратова Алина «Музыкалық білім – ұлттық құндылықты арттырудың негізі», Оқу өндірістік комбинатының директоры: Сұлтанов Сәкен Әбдіәшімұлы «Мектеп оқушыларына алғашқы кәсіптік құзыреттілікті қалыптастыруда кәсіптік бағдарлау жұмысын ұйымдастыру жолдары» атты маңызды баяндамаларымен кеңестің маңыздылығын арттырды.
Бөлім басшысы Құралай Балтабайқызы өз баяндамасында барша педагогтерді жаңа оқу жылымен құттықтай отырып, жұмыла еңбек етуге шақырды:
«Баршаңызбен осындай маңызды сәтте кездескеніме қуаныштымын, кеңесіміз сәтті, шығармашыл жоғары деңгейде өтуіне тілектеспін!
Өткен оқу жылында балаларымыздың мектеп партасына оралып, дәстүрлі оқуға көшуін сағына күттік, міне, сол қуанышты кезең басталып, 2021-2022 жаңа оқу жылын оқушыларымызбен бірге мектепте бастағалы отырмыз, осындай жаңа оқу жылының басталуымен құттықтай отырып, ерен еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін!
Бүгінгі Конференцияның басты мақсаты – постковид жағдайында дәстүрлі оқу форматына оралудағы замануи оқыту әдістері мен бағдарламаларын игеру, білім беру сапасын арттыру, қажетті білім мен дағдыларды беру, функционалдық сауаттылық, сыни ойлауды дамытуды Сіздермен бірге талқылау болып табылады.
Әрине, соңғы бір жарым жылдай уақытта қашықтан оқу барысында түрлі мәселелерге жаңаша қырынан қарауға тура келгені айқын.
Еліміздің тұңғыш Президенті – Елбасы Н. А. Назарбаев 2020 жылы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 100 пайызға жеткізу туралы тапсырма берген. Ауданымызда бұл индикаторлық көрсеткіш 100%-орындалды.
Барлық мектепке дейінгі ұйымдар «Balabaqha smartnation.kz» автоматтандырылған жүйеcіне қосылған. Осы жүйе арқылы балаларды қабылдау, кезекке қою, жолдама беру мемлекеттік қызметтері жүзеге асырылуда. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға оң септігін тигізуде.
Біз, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыра отырып мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісін арттырдық. Ендігі кезде мектепке дейінгі тәрбие мен білімнің сапасын көтеруге күш салуымыз қажет.
Бұл жұмыстар бізге үлкен жауапкершіліктер жүктейді. Себебі, басты орында бала денсаулығы екенін ескеріп біз, кезекші топтар ұйымдастырылған балабақшалардағы санитарлық талаптардың қатаң сақталуына аса мән беруіміз керек.
Қазақстан Республикасында білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Сайрам ауданы бойынша 2020-2021 оқу жылында жалпы білім беретін мектептерде 11 сыныпты 3067 оқушы бітірді, 71 түлек «Алтын белгі», 106 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды.
Бүгінгі таңда 467 бітіруші мемлекеттік грант иегері атанды және 8 түлек алдыңғы қатарлы шетел жоғарғы оқу орындарының гранттарын жеңіп алды, атап айтсақ,
— Тайланд, Гонконг политехникалық университеті;
— Туркия, Мерсин университеті;
— Туркия, Докуз университеті;
— Туркия, Кютахия Думлупынар университеті;
— Ресей, Академик Павлов атындағы Петербург Мемлекеттік медицина университеті;
— Ресей, Омск Мемлекеттік техникалық университеті;
-Венгрия, Будапешт университеті;
-Ресей, Томск Мемлекеттік университеті.
Ауыл балаларын қолдау бойынша «Айқанат» бағдарламасының аясында №5 М.Горький жалпы орта мектебінің оқушысы Салахова Сабина әлемдік рейтингіде алғашы бестікке енген Гонконг политехникалық университетінің 100 пайыздық грантын ұтты.
Облыста «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен өткен «Әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл» ғылыми жоба байқауында ауданымыздың оқушылары қатысып, оның ішінде:
Облыстан жүлделі
І орынды Тәліп Айсауле,
ІІ орынды Рахманова Мадина,
ІІІ орынды Құлымбетова Ақерке, Сарманова Аяулым, Бабашов Хайрулла атты оқушыларымыз иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алып, Сарманова Аяулым Республикадан мақтау қағазына ие болды.
5-6 сынып оқушыларына арналған математика пәні олимпиадасының Республикалық кезеңінде №12 Т.Рүстемов атындағы мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы Махаммаджанова Нозила жүлделі 3-орын иеленіп, «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының 3-дәрежелі дипломымен марапатталды.
Оқушылардың Республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңде 11 оқушы жүлделі орын алып, физика пәнінен №5 М.Горький жалпы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Эргешбекова Райхона республикалық кезеңге қатысып алғыс хат иеленді.
Қазақстан интернет олимпиадасында Республикада 3500 мектептің арасында №20 С.Сейфуллин мектеп-гимназиясы ІІ орынды жеңіп алды.
Облыстық әдістемелік орталықтың ұйымдастырған мұғалімдер байқауына жыл бойы 500-ден астам педагог қатысып 100-ге жуық жүлделі орындарды иеленді.
Тоқтала кетсек, Облыстық «Инновациялық идеялар жобасы» сырттай байқауында №33 Шойынбаев атындағы жалпы орта мектебінің бейінді завучы Абдурасулова Мухаббат Жүлделі ІІІ орынды, №83 А. Байтұрсынов атындағы ЖОМ-ң директордың ғылыми істер жөніндегі орынбасары Айжанар Қуандықова «ҮЗДІК ИДЕЯ» номинациясына ие болды.
Облыстық мектеп басшыларына арналған «Табысты менеджер» байқауында №29 К. Тленшин ат. ЖОМ директоры Залиева Демегул жүлделі ІІ орынды, №61 С.Базарбаев НОМ-нің директоры Нұртанова Гульжан «ҮЗДІК БАСШЫ» номинациясын иеленді.
Облыстық «Дәстүрлі озық тәжірибелі педагогтер слетінде» №12 Рүстемов атындағы МГ-ның директордың инновация жұмыстары жөніндегі орынбасары Абдулакимов Улугбек Юлдашбекович «100 жетекші мектеп» бағыты бойынша жүлделі ІІ орынды, №47 Амангелді атындағы жалпы орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ниязова Молдир «Мектептегі әдістемелік жұмыс» бағыты бойынша жүлделі ІІІ, №28 Ақбай атындағы ЖОМ –ң директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Серикова Карлыга «Ғылыми жоба жұмыстары» бағыты бойынша «Шығармашылық ізденіс» номинациясын, №10 Қарабұлақ атындағы ЖОМ-ң директоры, математика пәні мұғалімі Таджиев Муратжан «Lesson Study» бағыты бойынша «Жаңашыл әдістемелік көзқарас» номинациясын жеңіп алды.
Сонымен қатар, республикалық спорттық сайыстарда командаларымыз ауданымыздың ғана емес, облыстың мерейін үстем етті.
Көлкент ауыл округіне қарасты Ақсуабад елді мекенінде жаңа №76 ЖОМ-і және «Оқушылар Үйі» іске қосылады.
Жалпы 77 мектеп, 4 қосымша білім мекемелері санитариялық қағидаларды сақтай отырып дәстүрлі форматта оқытуды, 99 мектепке дейінгі білім мекемелері кезекші топтарды ұйымдастырады.
Оқушылар үшін жаңа оқу жылында мектеп формасы міндетті, дегенмен, қазіргі еліміздегі ахуалға байланысты уақытша классикалық үлгідегі киімге рұқсат етіледі.
Эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн форматқа ауысатын жағдай туындаса жалпы білім беру ұйымдары өткен оқу жылындағы онлайн форматта білім алу жүйесіндегі тәжірибесіне сүйене отырып, қашықтан жұмыс жасауға дайынбыз.
Қашықтан білім беру форматына көшуге шешім қабылдаған уақыттан бастап оқушылардың компьютерлерге қажеттіліктерін өтеу үшін республикалық бюджет есебінен 4842 роутерлер мен USB-модем (арнайы 2 айлық«Bilim» тарифімен) және 2055 компьютер мектеп қорынан көп балалы отбасынан шыққан оқушыларға қашықтан оқыту үрдісінде пайдалануға берілді.
Аудан бойынша компьютерлер саны 8630, 6 балаға 1 компьютерден келіп тұр.
Өткен оқу жылында пайдаланған қашықтан оқыту платформалары төмендегідей:
«Күнделік.кз-ке» – 76 мектеп қосылған, яғни 100 пайыз дерлік қамтылған. (7839-мұғалім, 55150-оқушы, 34464-ата-ана);
«Online-mektep» – 74 мектеп , немесе, 97,3% қосылған.
Биылғы оқу жылын дәстүрлі оқу форматында бастаған жағдайда, бұл онлайн білім беру платформаларының контенті маңызды болып қалады, күнделікті сабақта қатар қолданылады. Оны білім алушылар мен педагогтер үшін барынша қолжетімді етуді қадағалайтын боламыз.
Жалпы 1-11 сыныптарға тиісті оқулықтар қамтамасыз етіледі және ӘЛІППЕ мен БУКВАРЬ 1- сыныптарға Білім күні салтанатты түрде табысталады. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді оқушыларға тарату жұмыстары 27 тамызға дейін толық аяқталады.
Сайрам ауданының білім саласында инновациялық және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында төмендегі жұмыстар атқарылуда.
Балаларды балабақшаға электронды қабылдау BalabakhaSmartnation автоматтандырылған жүйесінде электронды жолдама арқылы балабақшаларға орналастыруда.
Мектеп табалдырығын аттағалы тұрған оқушыларымызды 1-сыныпқа E.GOV және MektepSmartnation электронды жүйе бойынша 2021-2022 оқу жылына 5461 оқушы қабылданды. Өтініштерді қабылдау 1 тамызға дейін жалғасты, үлгермеген ата-аналар үшін мектептке қолма-қол қағаз түрінде қабылдау 15 тамызға дейін созылды.
Мұғалімдерді қабылдаудың электронды жүйесі «Jumys.Sitcen.kz» конкурстық жүйе бойынша соңғы 5 айда бос жұмыс орындарға электронды конкурс арқылы 12 мұғалім, 24 техникалық қызметкерлер жұмысқа қабылданды.
Өскелең ұрпақты жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптастыру, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу арқылы бала бойындағы қасиеттерді дамыту мақсатында 2021 жылы оқушылар арасында 100-ден аса онлайн режимдегі ірі іс-шаралар өткізіліп, оған 40 мыңнан аса балалар тартылды және Оқушылар үйі жанынан құрылған «Болашақ» сауықтыру лагері жұмыс істеп, 1800 оқушы демалды.
Ақмола, Алматы облыстары Көкшетау, Қапшағай қалалары мен Төлеби ауданындағы «Балдәурен» және Алматы қаласындағы «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру лагерлерімен – 42 оқушы қамтылды.
2021 жылы балалардың жазғы демалысы мен сауықтырылуы сәтті ұйымдастырылып, бірінші кезекте әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан 1436, мүмкіндігі шектеулі 33, №6 мектеп интернатында 167 бала, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 65 бала тегін жолдама алды.
Инклюзивті білім беруге тоқталар болсақ, ауданда ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны — 705.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға 31 арнайы сыныптар ашылған:
Инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мектептердің үлесі – 62,1% (46 мектеп) құрайды.
— Аудандағы – 74 мектептің 100% тосқауылсыз аймақпен (пандус) қамтамасыз етілген.
— Инклюзивті біліммен қамтылған оқушы саны – 483.
— Денсаулығына байланысты үйде білім алатын балалар саны – 223.
Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың сапалы білім алуы мен түзету шараларын жүргізуде облыс әкімдігі мен «Дара» қоғамдық қоры Сайрам аудандарында 2 түзету кабинеті ашылды, бұл жергілікті халық үшін ыңғайлы жағдай тудырды.
Қадірлі ұстаздар!
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Ауданымыздың жалпы білім беру жүйесі жаңа оқу жылына дайын, бір жарым жылға жуық қашықтан оқыған оқушының білімін бір жүйеге келтіріп, сапалы білім беріп, интенсивті жұмыс атқаруға бар күш-жігерлеріңізді салады деп сенемін. Барлық маңызды мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары әрі қарай жалғасады.
Құрметті әріптестер, дана халқымыз «саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген, яғни білім саласындағы барлық жауапты тараптар жұмыла кіріссек, бұл өтпелі кезеңдегі қиын жағдайдан да шыға білеміз.
Жаңа оқу жылында дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! Толағай табыстарымыз бен жағымды жаңалықтарымыз көп болсын!»