БІЛІМ: ТҮРКІСТАНДА ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ

Кеше Түркістан қаласында педагогтар өткен жылғы жұмыстарын саралап, алдағы мақсаттарын айқындады. Санитарлық талапқа сай онлайн форматында өткен ұстаздардың басты басқосуына облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Қуатбекұлы қатысып, түркістандық ұстаздармен ой бөлісті.
Қалалық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Құлбайымбетова жүргізіп отырған Тамыз кеңесі мектеп оқушыларының ұстаздарға мерекелік сәлем жолдауынан басталды. Ал, өз кезегінде Гүлмира Жарқынбекқызы 2020-2021 оқу жылында атқарылған жұмыстар және жаңа оқу жылындағы міндеттер туралы ауқымды баяндама жасап, қасиетті қала ұстаздарының бір жыл ішінде атқарған жұмыстарын саралап берді. Жарты сағатқа созылған баяндама барысынан Түркістанда тындырымды істердің көп болғандығын аңғару қиын емес. Сонымен қатар, кезегін күтіп тұрған өзекті мәселелерге де тоқталып, оларды оңды шешу қолға алынғандығын тілге тиек етті.
Ал, Рахымбек Қуатбекұлы ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, педагогикалық еңбектерінде кәсіби шығармашылық табыстар тіледі. Сондай-ақ, білім саласында орын алып жатқан жаңалықтармен, өзгерістермен, жаңа талаптармен егжей-тегжейлі таныстырды. Сонымен қатар, өткен оқу жылында білім беру ісінде айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, әріптестерінің алды болған бірқатар ұстаздарға Білім және ғылым министрлігінің, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының марапат қағаздарын табыс етті.
Осыдан кейін кеңес жұмысы жалғасын тауып, бірқатар мамандар өз баяндамаларын ұсынып, білім беру ісін оңтайландыру, білім сапасын арттыру бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтсақ, «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша ПҚБАИ директорының оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты Ергешбаева Шынар Нальхожақызы, М.Шоқай атындағы №24 жалпы орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Лақабаева, «Точприбор» ЖШС аймақтық өкілдігінің жетекшісі Мусина Гүлнар Меркенқызы және Түркістан қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Гүлнар Құдайбергенқызы Абишевалар маңызды ойларын ортаға салды. Түстен кейін кеңес жұмысы әр пән бойынша секциялық отырыстармен жалғасын тапты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *