Жоғалған түркістандық жасөспірім қыз Шымкент қаласынан табылды

Түркістан облысы Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Әйел өз арызында өзінің 16 жасар қызы үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмағанын хабарлайды. Жас қыздың анасы өз бетінше 2 күн іздеп, таппағаннан кейін, полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Аталған жайт бойынша сарыағаштық полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Сарыағаш АПБ ЖПҚ ювеналды полиция тобының инспекторы полиция лейтенанты Бақдәулет Тастанбеков, жоғалған жасөспірімнің туыстары, сыныптастарынан сұрастырып, білуі мүмкін деген барлық таныстарынан жауап алады. Осылайша жинақталған ақпарат көздері арқылы, аз уақыттың ішінде қыздың Шымкент қаласында жүргенін анықтады. Полицей іссапармен мегаполиске барып, қыздың нақты жүрген мекенжайын анықтап, аман-есен тауып, отбасына қайтарды. Белгілі болғандай, жас қыз отбасылық түсінбеушіліктен кейін, үйінен шығып кеткен. Содан Шымкент қаласында танысының қасында жатақханада болған.
Өз кезегінде жас қыздың анасы Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлеріне, оның ішінде Б.Тастанбековке ерекше алғысын білдірді. Полицейлердің жедел әрекеті, кәсіби шеберлігі, қырағылы арқасында қызының дін-аман табылғанына қуанып, шексіз ризашылығын жеткізді.
Түркістан облысының полицейлері ата-аналарға қырағы болуды және балаларын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар қыздарыңызбен сырласуға, ойын толық тыңдауға шақырады. Балаларыңыз немесе жақындарыңыз адасып, жоғалған жағдайда, тез арада 102 телефоны арқылы полицияға хабарласыңыздар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *