Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) Хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбайды қабылдады, деп хабарлайды ҚР сыртқы істер министрлігі.
Кездесуде 2021 жылғы қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Сыртқы істер министрлерінің 6-шы кездесуіне дайындық мәселелері талқыланды.
Мұхтар Тілеуберді АӨСШК институционалдық трансформациясы бойынша дәйекті жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, ол алдағы министрлік кездесу барысында өңірдегі және әлемдегі өзгеріп отырған геосаяси ахуал жағдайында ерекше өзекті болып табылатын АӨСШК сенім шараларының жаңартылған каталогын қабылдаудың маңыздылығына назар аударды.
Өз кезегінде, Қ.Сарыбай ҚР-дың АӨСШК-ке төрағалық ету тұжырымдамасын іске асыру барысы және 2022 жылы Кеңестің 30-жылдығы шеңберінде жоспарланып отырған іс-шаралар туралы хабардар етті.
Қазақстандық төрағалықтың бастамаларын имплементациялау арқылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің әлемдік аренада танылу деңгейінің артуы атап өтілді.