
Шымкент қаласының Еңбекші ауданы аумағында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында көпқабатты 24 үйдің ауласында абаттандыру, балалар ойын алаңшаларын жаңалау жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар аудан әкімі аппаратының мамандары тарапынан күнделікті тұрақты бақылауда.
Сонымен қатар, арнайы мамандандырылған инжиниринг қызмет көрсетуші — «Global Stroy Expert», «Hazar инжиниринг», «D.E.A. Union», «BB-Media» ЖШС-нің инженер-сарапшы мамандары қадағалауда.
Абаттандыру барысында аталған мекемелердің инженер-сарапшы мамандары орын алған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қолданып, қадағалау жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді.
Құрметті қала тұрғындары! Егер де Сіз Еңбекші ауданы аумағындағы аулаларды абаттандыру жұмыстарының барысында кемшіліктерді байқап, анықтаған жағдайда аудан әкімі аппаратының 43-30-40 телефон нөміріне немесе +7 708 326 10 58 WhatsApp нөміріне хабарлауларыңызды сұраймыз.
Сонымен юірге, қала әкімінің шалғай елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту және абаттандыру жұмыстарын қарқынды жүргізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес Қаратау ауданы аумағындағы «Өтеміс» тұрғын алабындағы абаттандыру жұмыстары жалғасуда.
Нақтырақ айтсақ, «Өтеміс» тұрғын алабындағы Жастар көшесін абаттандыру мақсатында бюджеттен қаржы қаралып, құрылыс жұмыстарын «Назар» ЖШС жүргізуде. Сондай-ақ, бүгінге күнге дейін 94 аула абаттандырылса, ағымдағы жылы жобамен 15-ке жуық ауланы абаттандыру жұмыстары қолға алынатын болады.
Тұрғын алабындағы қолға алынған жұмыстарға аудан әкімі аппараты тарапынан қадағалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде аудандық инфрақұрылым және көріктендіру бөлімі тарапынан абаттандыру жұмыстарына жауапты мекемеге құрылыс жұмыстарының талапқа сай әрі сапалы жүргізілуі қажеттігі ескертілді.
Тұрғындардың игілігі үшін істелініп жатқан абаттантандыру жұмыстарына күтіммен қарап, жанашырлық танытуға шақырамыз.