
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берген жаңа бағдарламалар енгізілді. Осылайша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында баспана құрылысын қолдаудың жаңа тетіктері біріктірілді. Халықты баспанамен қамтамасыз етуге арналған бағдарлама 2016 жылдың соңында бекітіліп, 2018 жылы мемлекеттік бағдарлама болып қайта бекітіледі. Соның аясында 2030 жылға қарай жаңа үйді іске қосу көлемін жыл сайын 8%-ға арттыру жоспарланған. Мысалы, 2019 жылы 13 млн шаршы метр жаңа үй салынып, бұл көрсеткіш 2018 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда +8%-ға (12,1 млн ш.м.) артты.
Миллион. Бұл – үшінші мегаполисте 2021 жылдың соңына дейін ел игілігіне берілетін баспананың көлемі. Осылайша республикалық қала дәрежесіне сай, Шымкент еліміз бойынша баспана құрылысы қарқынды жүріп жатқан аймақтардың көш басында келеді. Ал 2020 жылы қаламызда 650 мың шаршы метрге жуық баспана салынған болатын. Бұл – тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен, ел мерейін тасытып, абыройын асқақтататын үлкен белес.
Ал 2018 жылы «7-20-25» бағдарламасы іске қосылды. Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының өкілдерінің мәліметінше, соңғы 3 жылда қаламызда дәл осы бағдарлама арқылы 3 609 азамат баспаналы болды.