
«Болыс ата» шаруа қожалығы биыл 21 гектар жерінің 8 гектарына жоңышқа дақылын, 4 гектарына жүгері, 6 гектарына қауын-қарбыз, 1 гектарына картоп екті. Сегіз адамды келісімді айлықпен тұрақты жұмысқа алды.
2018 жылы 200 тонна қауын мен 400 тонна қарбызды Ресейдің Новосібір өңіріне саудалаған еді. Биыл Ресейдің Свердлов облысы, Екатеринбург қаласына, Башқұртстан астанасы – Уфа қаласына, Октябрьск, Самара, Челябинск қалаларына өсірген өнімін жөнелтті.
Бүгінде «Болыс ата» қожалығы аудан тұрғындарына қауын-қарбызды келісін 30 теңгеден сатып жатыр.
– Біздің өнімдерде химиялық қоспалар жоқ. Арнайы лабораториялық тексеруден өткен, таза әрі дәмді, – дейді «Болыс ата» шаруа қожалығының төрағасы Шәріпжан Рысметов.
Қауын-қарбызды ауылдастары, Қарақұр, Қаратау, Шолаққорған, Жуантөбе, Тасты ауылдары мен Қыземшек, Таукент кенттерінің тұрғындары сатып алуда.
«Болыс ата» шаруа қожалығы қайырымдылық шараларынан да тыс қалмапты. Өткен аптада Түркістан қаласындағы жетім балалар мен мүгедектер үйіне, ардагерлер үйіне өнімдерін таратып келсе, кешегі аптада Шымкент қаласындағы №4 балалар үйіне, мүгедек балалар үйіне екі тонна қарбыз апарып тапсырып қайтты.