
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тікелей эфирде Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған міндеттерді қала аумағында іске асырудың жай-жапсарын қалай болатынын жария етті.
Шаһар басшысы бұл саяси құжатта мемлекет дамуының стратегиялық басымдықтары айқындалып, экономикалық даму, денсаулық сақтау, білім беру, өңірлік даму, тағы басқа маңызды 7 бағыт бойынша іске асуы тиіс міндеттер белгіленгенін атап өтті.
Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы Президенттік Жолдау аясында қабылданатын Жалпыұлттық жоспар бойынша жүзеге асатынын жеткізді. Айқындалған басымдықтарды табысты іске асыруға қалада барлық мүмкіндіктер бар екенін атап өткен Мұрат Дүйсенбекұлы, бұл бағытта бірқатар жұмыстарды жүйелі атқаруға әлеуетіміз жететінін айтты.
– Кәсіпкерлікті қолдауға 7 млрд. теңге бағытталып, 2250 бизнес өкіліне қолдау көрсетілетін болады. «Бизнестің жол картасы» бойынша мың жоба қамтылады. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында бүгінге дейін 57,4 млрд. теңгеге 1 788 жоба қаржыландырылып, 7,2 мың жұмыс орны ашылды. Яғни, қалада ашылған әрбір үшінші жоба аталған бағдарлама аясында іске асты. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша биылға жоспарланған 80 жобаның 61-і қаржыландырылды. Қаланың экспорттық әлеуетін арттыруда «Жұлдыз» индустриалды аймағында 200 млрд. теңгеге 60 ірі жобаны, «Стандарт» жеке индустриалды аймағында 180 млрд. теңгеге 30 жобаны іске асыру мүмкіндігіміз бар. Халықты азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету бағытында 2 агроиндустриалды аймақтың құрылысы басталды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуде «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылып, құны 23 млрд. теңгені құрайтын 21 жоба іске асады, – деді қала әкімі.