
Халықаралық қарттар күні мерекесі құтты болсын! Бұл мереке 1990 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының ықпалымен дүниеге келген болатын. Бүгінгі күн — қоғам өміріне аға ұрпақтың қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін ерекше күн.
Қарттарға деген сый-құрмет – біздің мұсылман халқының санасына терең сіңген қасиеттердің бірі.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан барлық реформалар халықтың әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған.
Оған дәлел, кешегі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы.
Жыл сайын қарияларымызға әлеуметтік қызмет түрлері мен көмек жолдарын жетілдіруге ерекше маңыз беріліп келеді.
Ардагерлерімізге арналған мекемелердің материалдық-техникалық базасы күннен-күнге нығая түсуде және үйде көрсетілген әлеуметтік көмек түрлері жетілдірілуде.
Келер ұрпақтың болашағы үшін жасаған әрбір жақсылықтарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Даналық пен тәрбиенің алтын кілті ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз өздеріңізде. Сол себепті де, «қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген аталы сөз бекер айтылмаса керек. Қазыналы қарияларымыз аман болсын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ұзақ өмір тілеймін!