
Төлеби ауданында дзюдо күресінен 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері Жанпейіс Жәнібекұлы Жабаевтың 70 жасқа толуына орай республикалық турнир басталды. Спорттық сайысты аудан әкімінің орынбасары Сержан Дауылбайұлы Дүйсебаев ашып, спортшыларға сәттілік тіледі. Турнирге 35 командадан 300-ге тарта спортшы қатысуда.
— Елбасымыз «Дені сау азамат – мемлекет үшін аянбай, алаңдамай еңбек етеді. Сол үшін біз ұрпағымызды салауатты өмір салтын ұстануға, спортқа жаны құмар болып өсуіне септігімізді тигізуіміз керек. Оларға бағыт-бағдар беру керек» деген болатын. Салауатты өмір салтын насихаттау әрбір жүрегі елім деп соққан азаматтың басты борышы. Сондай-ақ, Қазақстан дзюдодан әлемдік аренада өзіндік орнын қалыптастырған беделді ел болып саналады. Осыған орай, біздің болашағымыз — жастар, жасөспірім буын болғандықтан, жасөспірімдер арасындағы республикалық жарыстың рөлі маңызды. Бұл біздің спортшыларымыздың шеберліктерін шыңдап, елімізде балалар арасында дзюдоның дамуына зор үлес қосады. Сонымен қатар, болашақта ел намысын абыроймен қорғайтын спортшыларды дайындауда көмегін тигізеді деп ойлаймын,-деді құттықтау сөзінде С.Дүйсебаев.
Аудан әкімінің орынбасары мерейтой иесі Жанпейіс Жабаевқа ауданның спорт саласын дамытуда қосқан үлесі үшін аудан әкімі Төлеген Тұртайұлының құттықтау сөздерін жеткізді. «Алмас қылыш» спорт клубының төрағасы, Ленгір қаласының, Төлеби ауданының «Құрметті азаматы», ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, ҚР Спорт қайраткері, спортты дамытуға қосқан үлесі үшін, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы, «Ерен еңбегі» медалінің, «Дзюдо Тарланы» орденінің, Б.Момышұлының «Батыр шарапаты» медалінің, ҚР халық ағарту ісінің үздігі, Дзюдо күресінен 5 дан иегері, Дзюдо күресі, самбо, қазақ күресі, шығыс жекпе-жегі каратэ-до спортының Ленгір қаласында негізін қалаушы, КСРО спорт шебері Жанпейіс Жәнібекұлы өз кезегінде турнирге қатысушы балуандарға сәттілік тілеп, турнирде жүлделі орыннан көрінген жағдайда, жасөспірімдердің әлемдік аренада өнер көрсетулеріне мүмкіндік жасалғанын жеткізді.
Түркістан спорт басқармасы басшысының орынбасары Бердашев Айтмахаметәлі Ілиясұлы республикалық турнирдің маңыздылығын түсіндіре келе, Жанпейіс Жәнібекұлын туған күнімен құттықтады. Дзюдодан республикалық турнир ертеңгі күні де жалғасын табады.