
«Тұлпарлар туған, сұңқарлар қонған» Түлкібас өңірінің өмірін айшықтап, тынысын кеңейтіп, ақпарат кеңістігін орнатып жүрген басылым «Шамшырақ» газетіне биыл торқалы 90 жыл толды. Ғасырға жуық уақыт ішінде басылым қоғамдағы өзіндік орнын алып, оқырмандардың сүйікті ақпарат көзіне айналды. Жиынға елімізге белгілі қарымды қаламгер Мархабат Байғұт, ҚР Журналистер одағының Түркістан облысы бойынша филиалының төрағасы Ғалымжан Қамытбекұлы, облысымызға танымал журналистер Әсет Әссанди, Балтабек Түйетаев, Серікқали Жексенбаев, Алишер Сатыбалдиев және аудандық газеттің редакторлар мен редакцияда еңбек еткен ардагер журналистер, ауданның зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аудан баспасының қара шаңырағы саналатын «Шамшырақ» газеті 1931 жылғы қазан айында «Социалистік егінші» деген атаумен шығып, кейінен 1962 жылы Сайрам, Түлкібас, Алғабас аудандары қосылып, «Еңбек туы» газеттіне біріккен. 1966 жылы Сайрам аймақтық өндірістік басқармасынан бөлініп, өз алдымызға аудан мәртебесін алып шыққанда, басылым «Маяк» және Шамшырақ» аталып жарық көре бастады. 2004 жылдан бүгінгі күнге дейін «Шамшырақ» атаумен шығып отыр.
Газетте көп жыл бойы Сарымсақ Жақсыбеков, Казима Кулбаева, Поправко Василий Иванович, Лахно Иван Павлович, Ілияс Байларов, Рүстем Өмірзақов тағы басқалар редакторлық қызмет атқарған. Сонымен қатар, Қуантай Аршабаев, Амангелді Ізтілеуов, Қазбек Кейкиев, Сейдулла Саттарханов, Біләл Құлбек, Мұрат Пірәлиев, Әбдісаттар Әлібаев, Кендебай Айтқұлов тағы басқа да тілшілер еңбек еткен.
Ауданмен бірге дамып, бірге жетіліп келе жатқан басылымның мерейтойы қарашаңырақ «Шамшырақ» газетінің редакциясында өтті. Оған республикалық және облыстық журналистер, белгілі ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысып, редакция қызметкерлерін маңызды мерейтойларымен құттықтады. Ерекше ауданның ақпарат айнасы «Шамшырақ» газетінің 90 жылдық торқалы тойына орай редакция алдынан тарихи шежіресі жазылған стелланың ашылуы өтті. Аудан басшысы Нұрлан Байғұт алғы сөзді бастап, жылы лебізін айтып, ұжым қызметкерлеріне шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қатар, торқалы 90 жылдыққа орай «Шуағын шашқан Шамшырақ» кітабының лентасы қиылды. Кітапта газеттің байырғы редакторларынан бастап, күні бүгінге дейінгі қызметкерлері жайлы мәліметтер берілген. Тарихы келтіріліп, архив суреттермен толықтырылған. Жиын барысында ардагер журналистер мен байырғы қызметкерлерге құрмет көрсетіліп, жиналған көпшілік жылы естеліктер мен әдемі әңгімелер айтып, өткенді еске түсірді.
Қарашаңырақта өткен жиын аудандық мәдениет үйіндегі «Құтты мекен Түлкібас» атты облыстық ақындар айтысымен жалғасын тапты. Құтты жердің береке мен ырысын, мәдениеті мен әдебиетін, шоқтығы биік тұлғаларын мағыналы сөз бен әуезді әнге ұштастырып, қоңыр домбыраның үнімен елге жеткізген ақындар елдің ыстық ықыласына бөленді.