Түркістан облыстық мәдениет басқармасы, «Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейі» МКҚК ұйымдастыруымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының, ҚР ҒО М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы тарихи материалдарды зерттеу бойынша республикалық ақпараттық орталығының, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ясауи атындағы ХҚТУ, Қ.И.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ қолдауымен Отырар ауданы орталығы Шәуілдір ауылында орналасқан Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Ақжан әл-Машанидің 115 жылдығына арналған «Тұранның ғылым мен мәдениет тарихын айшықтаған ғалым Ақжан әл-Машани» атты халықаралық ғылыми-практикалық офлайн, онлайн-конференциясы өтті.
Конференцияға қоғам қайраткерлері, Орта Азия мен Қазақстан ойшылдарының және Ақжан әл-Машани мұраларын зерттейтін отандық, жақын және алыс шет елдердегі шығыстанушы — ғалымдар, мәдени орталықтардың өкілдері-кітапхана, музей қызметкерлері, жоғарғы оқу орындарының ғалымдары, докторанттар мен магистранттар, білім беру мекемелерінің ұстаздары, БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияның мақсаты – Тұранның ғылым мен мәдениет тарихын зерделеп, Орта Азия және Қазақстан ойшылдары мен Ақжан әл-Машани мұраларын негізге ала отырып, жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті сақтау мақсатында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, жастардың бойына рухани құндылықтар ордасы — музейлердегі жәдігерлер арқылы рухани және ұлттық құндылықтарды дарыту; біліктілік, интелектік, патриоттық ұстанымдарын қалыптастыруға үлес қосу болып табылады.
Конференция алдында қонақтар Ақжан әл-Машанидің мерейтойына арнайы жасақталған көрмемен танысты.
Конференция жұмысының модераторлары: А.А.Жұмашев Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің директоры, Г.Е.Садақбаева Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің ғылыми кеңесшісі, фарабитанушы-машанитанушы.
Алғы сөз алған Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары А.Темірхан Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Әбу Нәсір әл-Фарабидің 1150 жылдығы және Ақжан әл-Машанидің 115 жылдығына орай өткізілген және өткізілетін іс-шаралар туралы баяндап, өткізіліп жатқан жиынның маңыздылығына тоқталып өтті.
Конференцияның ашылуын және құттықтау сөзін жолдаған ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Орынбеков Думан Рымғалиевич: «2020 жылы Әл-Фарабидің 1150 жылдығы атап өту барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Әл-Фараби музейінде алғашқы Фарабитанушы, Әл-Фараби бабамыздың еңбегін түнұсқадан оқып, оны ең алғаш қазақ тіліне аударушы әмбебап ғалым, парасатты ұстаз Ақжан әл-Машанидің құрметіне ескерткіш қойылды. Алдағы күндері Әл-Фараби және әл-Машани еңбектері жан-жақты зерттеліп, жастарымыздың тәрбиелілігі мен білімділігінің тұтастығын сақтап оны дамыту басты мақсаты болып табылады» деп сөзін қортындылады.
Конференцияның ашылуы құрметіне ақын, жазушы, Қазақстанның еңбек ері Сүлейменов Олжас Омарұлы өз құттықтауын жолдап, «Әл-Фараби еңбектерін зерттеуші, отандық және ТМД елдеріндегі Фарабитанушылардың ғылыми кеңесшісі болған Ақжан әл-Машанидің еңбектерінің қажеттілігі мен құндылығы осы күні өте маңызды болып табылатынын атап өтті. Әл-Машани — Әл-Фараби көпірі, оның еңбектеріндегі мәтіндер әлі өз зеттеушілерін, ғылыми жаңалық ашушыларын күтуде. Әрбір халық өзінің таңдаулы да парасатты ұлдарын білуі қажет, және ұмытпау керек. Ақжан Жақсыбекұлы Машани қазақ халқына Әл-Фарабиді оралтты, оның ұлт пен еліміздің алдындағы ең басты еңбегі болып табылады», деп конференция жұмысына сәттілік тіледі.
ҚР АҒА президенті, академик, профессор хим. ғыл. докторы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жұрынов Мұрат Жұрынұлы өз құттықтауында «Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының іргетасын қалаушылардың бірі және оның академигі, Республика ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, профессор Ақжан әл-Машанидің алар орны ерекше. Ақжан әл-Машанидың ғылыми дүниетанымы тек қана геология мен тау-кен ісі ғылымдарымен шектелмейді. Ол — Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын зеттеудің негізін салған ұлы тұлға.
Ұлылар керуеніне ілескен Ақжан әл-Машанидің ғалымдық тұлғасын танып, мирасын зерделей отырып, оның рухани-адамгершілік келбетін, адамгершілік сана, құндылық сезімдері мен қасиеттері болып табылатын- ізгілік, ар-ождан, намыс, парыз, сенім, жауапкершілік, бауырмалдық, мейірімділік, адалдық, ұлтжандылық сияқты құндылықтардың үлгісі болғанын көреміз. Әл-Машани қалдырған мол мирасты сақтап, зерттеп аманатына берік болайық» деп сөзін қортындылады.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде сондай-ақ «Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейі» МКҚК ғылыми кеңесшісі фарабитанушы-ақжантанушы Садақбаева Г.Е. «Ғасыр ұлы Ақжан әл-Машанидің сыр шерткен «ШЕЖІРЕСІ»», Ұлттық инженерлік академиясының академигі, техника ғыл.докторы, профессор Отарбаев Ж.О. «Әл-Машани — Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті тарихында әмбебап ғалым, парасатты тұлға», Сәтбаевтанушы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, филолог Өмірбек А.Ә. «Фараби жолы – Ақжан асуы», Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ақпанбет Ғ.А. «Әл-Машани зерттеулеріндегі әл-Фарабидің астрономия ғылымы», Республикалық жекеменшік ұйымдар қауымдастығы жанындағы білімді дамыту институтының директоры Жиенбаев Е.Ә. «Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ар» ілімі мен Ақжан әл-Машанидің «Жар» ілімі», Түркияның Қазақ-Түрік Білім және Зерттеу Қауымдастығының төрағасы, «Қазақ елі» журналының бас редакторы Е.Гайнетуллах «Тұран мәдениетіндегі Жібек жолының орны», Франция-Парижден Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мүшесі, қолөнер шебері Алтай Абдулсамет «Ақжан әл-Машани мен Халифа Алтайдың рухани сабақтастығы», Әл-Машани шәкірті Орманова Ж.Ғ. «Тайқазан тарихы ақиқаты және әл-Машани», Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Шаяхметов А.Қ. «Әл-Фараби, Әл-Машани және күнсағат», Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры. Филология ғылымдарының докторы Жұбай О.С. «Ақжан Машани еңбектеріндегі Әл-Фарабидің тілдік тұлғасы», ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының бас қор сақтаушысы Нұрмұхамбетова Д.Ө. «Орталық ғылыми кітапхана қорындағы әл-Машани мұралары», Алматы қаласындағы МККК №152 балабақшасының басшысы Дильмагамбетова Г.А. «Ақжан әл-Машанидің «Ғылым жаңалықтары» балабақшада», ҚР мәдениет қайраткері, әдебиетші, этнолог, өлкетанушы, музейтанушы Жұмашов Абдулла «Әл-Машанидың Отырардағы ізі», Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің бас қор сақтаушысы Шектыбаева Н.Т. «Ыбырай Алтынсарин мемориялды мұраражайы қорындағы Ақжан әл-Машани жәдігерлерінің ғылыми-мәдени құндылығы», Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері Айтбай С.З. «Ақжан әл-Машанидың фарабитанудағы рөлі», Әл-Машани мешітінің кітапхана меңгерушісі Қорабаева Қ.Қ. «Ақжан әл-Машани атындағы Қарағанды мешіті және әл-Машани ұстанымы: «Тұран — Құран — Ғылым»», Л.Гумилев ат. ЕҰУ-нің 3-курс докторанты. Иманғалиев А.Т. «Тұңғыш фарабитанушы-ғалым Ақжан әл-Машанидың туған өлкесі (ғылыми-экспедициялық сапарының негізінде)», «Қостанай қаласы білім бөлімінің балалар шығармашылығы мектебінің» қосымша білім беру педагогі Садақбаев Ф.А. «Ақжан әл-Машани мұраларының жасөспірімдерді біліктілік, интеллектік, патриоттық ұстанымдарын қалыптастырудағы орны мен өзектілігі» тақырыбындағы баяндамалары оқылды.
Баяндамалар тақырыбына қарап конференцияға жан-жақты дайындалып келген қатысушылардың қызықты да өзекті мәселелерді ортаға салып өз ойларымен бөліскендеріне ұйымдастырушылар мен қолдаушылар атынан зор алғыс айтылды.
Конференция жұмысы секциялық жұмыстарымен жалғасып, конференция қорытындысында арнайы қаулы қабылданды.