Жетісай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен қылмыстылықтың алдын алу бойынша мекемеаралық жиналыс өткізілді.Аталған жиынға Жетісай ауданы әкімі Қадырбек Мұрат Болатұлы, Жетісай ауданы прокуроры,аға әділет кеңесшісі Нұрғали Асқанбеков, Жетісай аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Сәкен Жайлыбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, қала, кент, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлімдер, аудан прокурорының орынбасары және аудан прокуратурасының прокурорлары және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Мәжілісті Жетісай ауданы прокуроры,аға әділет кеңесшісі Нұрғали Асқанбеков жүргізді. Күн тәртібінде негізгі үш мәселе қаралды.
«Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен оларға қатысты зорлық-зомбылық профилактикасы бағытында уәкілетті органдармен жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігін қарау» бойынша Жетісай ауданы прокуратурасының прокуроры Мұхтар Әлжанов баяндама оқыса, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Прімбеков пен Жетісай аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Сәкен Жайлыбаевтан, Жетісай ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзаливтен жоғарыда аталған жұмыстар бойынша есебі тыңдалып, пікір алмасып, талқылау жүргізілді.
«Жер құқығы қатынастары саласында орын алған заң бұзушылықтар, бірнеше жылдан бері игерілмей жатқан жер учаскелерін қайтару, шаруаларды жайылыммен қамтамасыз ету» мәселесі бойынша аудан прокурорының орынбасары Мақсат Ераливтен баяндама тыңдалып, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Аманбай Жұмабековтен атқарылған жұмыстар бойынша есеп берілді, қосымша ұсыныстар талқыланды.
«Жол көлік оқиғаларын болдырмау және оның алдын алу» мәселесі бойынша Жетісай ауданы прокуратурасының прокуроры Ақжігіт Қанжігітов баяндамасын оқыды. Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Әшірбай Тасов пен аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұркен Әлмештен атқарлыған жұмыстардың орындалуы жөнінде есептері тыңдалды.
Жетісай аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Сәкен Жайлыбаев пен аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұркен Әлмештің қылмыстың алдын алу бойынша арнайы камераларды орнату туралы ұсыныстары қаралып, алдағы уақытта пилоттық жүйеде қолданылатын болды.
Жиналыстың қорытындысына сәйкес, құқық қорғау органдары мен құзырлы органдарға тиісінше тапсырмалар берілді. Аталған тапсырмалар көрсетілген мерзімдерінде орындалмаған жағдайда тиісті лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қаралатындығы туралы қатаң ескертілді.