СТУДЕНТ NUR OTAN ПАРТИЯСЫНАН КӨМЕК СҰРАДЫ

Жақында ғана қоғамдық қабылдауымда Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 1-курс студенті болды. Түркістан қаласының мәслихат депутаты ретінде маған айтып келген өтініші қаламыздағы бетке ұстар университеттің жатақханасы жайлы болатын. Әрине, бұл мәселе біраз уақыт резонанс тудырып, әлеуметтік желіде тарап та кетті. Университет басшылығы аталған мәселе бойынша тиісті шара көріп, нақты қозғалыс жасаса да нәтиже аз көрінеді. Оны мен қабылдауыма келген студенттің базынасы арқылы ұқтым. Атын атап, түсін түстемеуін өтінген білім алушы бір емес бірнеше мәселені баяндады. Біріншіден, университетке тиесілі жатақханалардың сапасы. Яғни бүгінге дейін жатақхананың көзге іліккен кемшілігі түзеле қоймапты. Екіншіден, сол студенттер үйіне айналған орынның төлемақсының күрт қымбаттап кетуі жастарға қиынға соққан екен. Сонымен қатар, жатар орнымызды бекітілген стандарттарға сай оңтайластырып берсе және талап етіп жатқан төлемақы сол талаптарға сай болса екен деген тілегі бар. Бұл әрине, жалғыз бір студенттің талабы емес.

Студенттерді алаңдатып жүрген мәселенің түйінін тарқату мақсатында Кедергілер кеңесіне ұсынуды жөн көрдім.ХҚТУ өкілдері жатақхана бағасының күрт қымбаттау себебін «Алынған ақшаны студенттердің өзіне жұмсаймыз» және «жатақхана бағасы бәрі бірдей 90 мың емес. Олар жағдайына қарай бағасы да әртүрлі» деген сөзбен түсіндіруге тырысты. Бұл меніңше, білім алушыларды әлеуметтік жағдайына қарап бөліп қарауға тікелей итермелейтін қадам. Себебі қай студент «люкс» бөлмеде тұрғысы келмейді дейсіз? Жан-жағына қарайды, өзгелердің жағдайы жақсы жасалған бөлмеде жатқанын көрген білім алушы бейсаналы түрде «люксқа» ауысқысы келеді. Бұл рас. Одан кейінгі процесс айтпаса да түсінікті.

Бұл іс- әрекеттері мүлдем түсініксіз.  Балаларымызды ешқандай уайымсыз, барша балаға тең дәрежеде сапалы әрі  саналы біліммен қамтамасыз ету үшін мемлекетіміз бюджеттен жылына қаншама миллиард теңге қаржыны гранттар есебінде осындай жоғарғы оқу орындарына бөліп отырған жоқ па? Сол бөлінген қаржының ішінде  жатақхана шығындары да есептелінген ғой.Ал біздің Халықаралық университет оқуға түскен әр студентке мемлекеттік жатақханаларды табыстауда  жағдайларына қарай әртүрлі нарық шығарып, төлеген қаражатына қарай  түрлі жағдайлар жасап берумен айналысуда. Сонда ХҚТУ Елбасымыздың студенттерді жаппай жатақханалармен қамтамасыз ету бойынша берген «Тапсырмасын» осылайша түсініп, қонақүйге жатқызу принципімен орындап жатқаны ма? ХҚТУ-нің ашылып, Қазақстан мен басқа да шет мемлекеттердің студенттеріне білім беріп жақанына да  30 жылдан астам уақыт болды. Сонау Қазақстанымыз егемендік алып, аяғынан енді тұрып келе жатқан 90 жылдардың басында да жатақхана беруде мұндай «сауда» мен студенттерді алалау болмаған еді. Бұл не деген ұят тірлік?

Түркістандағы білім ордасы өңір үшін ең маңызды әрі беделді университет. Біріншіден уни­верситет 1991 жылы ашылды, сосын ол еліміздегі ха­лық­аралық мәртебесі бар жоғары оқу орны екені баршаға аян. Қазіргі жаһандану жағдайында Түркі тілдес әлемді рухани біріктіруші білім беру орталығы ретінде Ахмет Ясауи уни­верситетінің идеологиялық маңызы зор.Мен де Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегімін. Оқу ордамның беделіне нұсқан келмеуі мен үшін де маңызды. Оның үстіне, университеттің ең басты қолдаушысы да, қорғаушысы да – білім алушы студенттер. Сол студенттердің сапалы білім алып, білікті маман болып шығуы тікелей басшылыққа байланысты. Сондықтан әрбір білім алушының талап-тілегі ескеріліп, жастардың оймен санасу арқылы мәселенің шешімін шеуге тырыссақ екен деймін.

Сакен ХАНДИЛЛАЕВ,

Түркістан қаласының

мәслихат депутаты

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *