Бала-шағасын асырай алмаған Ауған әйелі ақшаға балалары мен бүйрегін сатқан, деп хабарлайды aimak.com.kz сайты британиялық «Гардиан» басылымына сілтеме жасап.
Ауғанстанның Герат провинциясында 8 баласы бар, бірақ жағдайы жоқ әйел 8 және 6 жастағы 2 қызын 950 доллардан сатуға мәжбүр болған. Жағдайы дұрысталмағандығын сезген әйел 1350 долларға оң жақ бүйрегін сатқан. Бұл оқиға туралы британиялық «Гардиан» басылымы хабарлады.
– Жалпы қыста жылда жағдайымыз қиындайды. Бірақ биылғы қыс өте ауыр болып тұр. Күйеуім базарға барып, күріш, ұн қаптарын тасып, қара жұмыс істеген болады. Сондағы табатыны бірер тиын-тебен ғана. Көбіне жұмыс мүлде болмайды. Ауғанстанда баспанасы жоқ 3 жарым миллион тұрғын қысқы суықта лашықта тұрып жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша 40 миллион халықтың жартысынан астамы аш-жалаңаш, дейді провинция тұрғыны Рәзия.
– Қыста мына жерді жылытудың өзі мүмкін емес. Отын ала алмаймыз. Жақын маңда ағаш та жоқ. Балаларыма қоқыс, пластик жинатамын. Мына жаман үйдің қабырғалары құлайын деп тұр. Қар аралас жаңбыр жауғанда төбесінен су ағады. Балалардың аяғына кигізетін шұлық та, аяқ киім де жоқ. Салафанмен орап қоямыз, деп өз жағдайын түсіндірді Кабул тұрғыны Хадос.