БИЫЛ ЕЛІМІЗДІҢ ОҢТҮСТІК ӨҢІРЛЕРІНДЕ АҒЫН СУ ТАПШЫЛЫҒЫ БОЛУЫ МҮМКІН

 

Еліміздің оңтүстік өңірлерінде ағын су тапшылығы болады деген болжам бар. Мақтаарал және Жетісай аудандарындағы су нысаны мен көршілес елдегі Тоқтағұл қоймасында судың қоры жоспарлағаннан 1,6 млрд текше метрге кем жиналған. Елімізге келеді деп болжанған 10,3 млрд текше метр судың орнына биыл 7,3 млдр текше метр су жеткізілуі мүмкін.  Салдарынан Шардара мен Көксарай су қоймаларындағы судың көлемі былтырғыға қарағанда 1 млрд текше метрге аз жиналып, Көксарай су қоймасында судың мөлшері тым төмен болады деген болжам бар. Осы қиындықтан шығу жолдарын талқылау кезінде диқандарға көктемгі жауын шашын аз болса ағын суды аз қажет ететін дақылдарға көшу керектігі ескертілді.

Тығырықтан шығудың жолдарын қарастырған мамандар Көксарайда су болмаса бір ғана Шардараның суы Түркістан мен Қызылорда облыстарына жетпейді деп отыр. Сондықтан ағын су мәселесі бойынша өңірдегі жағдайды зерделеп, су тапшылығына байланысты қолға алынатын жұмыстар жасалуда. Ағын су жеткізу алдымыздағы ақпан және наурыз айлары қарлы әрі жаңбырлы болса, жағдай реттелуі мүмкін екенін де атап өткен жөн.

Облыс, аудан, қала әкімдіктерімен осы мәселе бойынша кеңес өткізіліп, тығырықтан шығатын жолдар қарастырылуда. Тиісті нұсқаулар берілді. Сырдария өзенінің суы бойынша үкіметаралық деңгейде қаралатын  болады.

Айта кетейік, Түркістан облысында 44 су қоймасы, 105 магистралді канал, 1699 шаруашылықаралық және шаруашылықішілік арна, 1200-дей тік дренажды ұңғыма бар. Қазіргі таңда министрлік пен облыс әкімдігі тарапынан өңірде су үнемдеу технологияларын қолдану және оны жаппай енгізу бойынша ұйымдастыру, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *