Спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Түркістан облысы, Сауран ауданының Оранғай ауылында заманауи көпфункционалды спорт кешені ашылды. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен салынған спорт нысанының жалпы ауданы 1800 шаршы метрді құрайды. Онда мини-футбол, волейбол, баскетбол және теннис алаңдары, күрес кілемі, бокс рингі және екі жолақты жүгіру жолдары бар. Ауыл тұрғындарына ыңғайлы болу үшін шешінетін бөлмелер мен жанкүйерлердің жылжымалы трибуналары орнатылған. Сондай-ақ, кешен барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Бүгін кешеннің ашылу салтанаты өтті. Бұған Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков және аудандық мәслихат хатшысы Мейрамбек Күнпейісов қатысып, оранғайлықтарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
«Мықты және дені сау жас ұрпақты тәрбиелеу-еліміздің әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі. Біздің ауданда жаңа заманауи спорт ғимараттары мен кешендерінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Салауатты өмір салтын насихаттау бастамасын қолдаймыз», — деді Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков ашылу салтанатында.
Айта кетейік, спорт кешені ауа райына қарамастан жыл бойы жұмыс істейтін болады. Бұл екі қабатты ауа өткізбейтін мембранамен жабылған, анкерлік жүйенің көмегімен негізге бекітілген, сорылатын және сығылған ауамен қамтамасыз етілген спорт алаңы. Бұл дизайн қыста жылуды және жазда салқындықты сақтауға мүмкіндік береді.