Ордабасы ауданы әкімі Бағлан Батыршаев ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Баймановты қабылдады.
Кездесу барысында аудан басшысы Ордабасы ауданында жастар саясаты бойынша қолға алынған ауқымды жобаларды таныстырып, бірқатар түйіткілді мәселерді де ортаға салды.
«Біздің ең басты міндетіміз жастарды жұмыспен қамту, кәсіпке баулу. Бұл бағытта ауданымыздың Шұбар ауылдық округінде көп салалы кәсіптік колледж белсенді жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда мұнда 450-ге тарта жас кәсіптік білімін шыңдауда. Дайын мамандардың өз қалауы бойынша кәсіп ашуына, жұмысқа орналасуына әкімдік тарапынан қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, жастарымызды кәсіпке баулу мақсатында қолға алынған «Бастау-Бизнес» жобасы аясында да табыс тауып жатқан жастарымыздың қатары көп. Мәселен, Қараспан ауылының 23 жастағы азаматы аталған бағдарлама аясында қаржылай грант алып, үй іргелік жерден жылыжай кешенін ашып, замандастарына үлгі болуда», — деді аудан әкімі кездесу барысында.
Өз кезегінде Елордадан келген салалық комитет төрағасы Ордабасы ауданының жастар саласы бойынша жүзеге асып жатқан өміршең жобаларын республиканың өзге өңірлеріне тәжірибе ретінде қолдануға болатындығын айтып өтті.
Аудан басшысы Бағлан Дәнебекұлы ауыл жастарының көктем, жаз, күз айларындағы дала жұмыстарынан кейінгі маусымдық (қысқы) жұмыссыздық мәселесіне тоқталып, Жастар және отбасы істері комитеті тарапынан ауыл жастарына мемлекеттік деңгейде қолдау қарастырылса деген ұсынысын ортаға салды.
Бұл мәселеге байланысты Шахмардан Асқарұлы жұмыссыз жастардың үздік әлеуметтік жобасы —
«Zhas Project», «Тәуелсіздік құрдастары» бағдарламасы әзірленіп, іске асқанын, алайда орталықтан бастау алған жобалардың өңірлерде өз деңгейінде жүргізілмей отырғандығын айтып, Жастар ресурстық орталықтары арқылы жақсы бастамаларды жастарға көптеп үгіттеуге шақырды.
Кездесу соңында аудан әкімі Елордадан арнайы келген жастар көшбасшыларына күш атасы – Қажымұқан Мұңайтпасұлы атамыз туралы жазылған құнды кітапты сыйға тартты.
Мұнан соң салалық комитет төрағасы аудандық Жастар сарайында облысқа қарасты барлық аудан-қалалардың жастар саясатына жауапты өкілдерімен жиналыс өткізді.
Айта кетерлігі, жалпы ауданымызда 30 мыңға жуық жас болса, олардың үлесі халық санының 25 пайызын құрайды.